Ақтөбеде қазақи бағыттағы жаңа кітапхана жасақталып жатыр 6631

Ақтөбеде қазақи бағыттағы жаңа кітапхана жасақталып жатыр

26 тамыз 2026 18 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен, дін жанашырлары және демеушілердің қолдауымен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде заманауи әрі қазақи нақыштағы жаңа кітапхана жасақталуда. 

Қазіргі таңда рухани білім ордасының ішкі безендіру және кітап қорларын жинақтау бойынша қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Болашақта оқырман қауымға есігін айқара ашатын кітапхананың басты ерекшелігі — діни әдебиеттен бөлек мұнда ұлттық құндылықтар мен ата-бабамыздан қалған асыл мұраларға басымдық берілмек.

Жаңадан жасақталып жатқан осы кітапхана аумағында «Әйел-қыздар» секторының «Дін мен дәстүр» бағытында арнайы бейнетүсірілімі өтті.

Облыстың Бас имамының айтуынша, қазақи бағыттағы бұл кітапхана алдағы уақытта рухани ізденіс, білім және ғибратты түсірілімдер орталығына айналмақ. Кітапхананың ресми ашылу күні дайындық жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қосымша хабарланады.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі