«Нұрлан Махаббатұлы» мешітінде Мәуліт кеші өтті
Ақтөбе қаласындағы «Нұрлан Махаббатұлы» мешітінің ұстазы Шолпан Қайырдың ұйымдастыруымен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі ғұмырын ұлықтауға арналған тағылымды Мәуліт кеші өтті.
Рухани кеш қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Шара барысында мешіт ұстазы пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі, өнегелі өмірі тағылымды уағыз айтты.
Сонымен қатар шәкірттердің дайындаған рухани-танымдық қойылымы қойылды. Ал Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова ардақты елшінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірімділігі, кешірімділігі мен үмбетіне деген сүйіспеншілігі жөнінде баяндады. Сектор жетекшісі «Алланы сүйсеңдер, маған еріңдер» деген Құрандағы өнегені негізге ала отырып, мұсылман баласының пайғамбар сүннетін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне үлгі етуінің маңыздылығын жеткізді.
Мәуліт кешінде арнайы ардақты пайғамбарымыздың рухына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бағышталған Құран хатымының дұғасын ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіндегі «Әжелер» мектебінің құрметті мүшесі 90 жастағы Рамазанова Бибіхадиша жасады. Қатысушылар сүйікті елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтты.
Кеш барысында қатысушылардың білімін шыңдап, діни сауатын арттыру мақсатында викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Қызықты әрі мазмұнды өткен сайысқа жамағат белсенді қатысып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.
Шара соңында жамағатқа игі тілектер айтылып, берекелі шараның жалғасы ретінде барша мұсылман қауымына бейбітшілік, бірлік пен рухани кемелдік тілеп, әжелер батасын берді.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі











































