Ақтөбе: «Игі ана – ізгі қоғам негізі» атты семинар ұйымдастырылды
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жанындағы әйелдер орталығында «Игі ана – ізгі қоғам негізі» атты іс-шара өтті.
Аталған шарада әйел адамның қоғамдағы орны мен міндеттері, отбасы тәрбиесіне берер негізгі қағидалары туралы сөз қозғалды. Рухани басқосуға Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегул Кушкарова, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз хатшысы, «Мұнара» телеарнасының тілшісі
Ақтолқын Тажикова арнайы қатысып, аталған тақырып өзегінде ой бөлісті.
Сондай-ақ Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Жұлдыз Бауыржанқызы: «Әйел адамның дініміздегі мәртебесі жоғары әрі қадірлі. Оны исламдағы сыл аналарымыздың ғибрат ғұмырынан байқауға болады. Бүгінгі таңда да әйел затының абыройын шариғатымыздай сақтап, асқақтатын ешбір заңдылық жоқ. Сол себептен әйел заты өз құндылығы арқылы қоғамды жақсылыққа шақыруда үлгі болмақ»-деп атап өтті.
Одан өзге ұйымдастырушы мешіттің ұстазы Назерке Айбекқызы жиналған жамағатқа түрлі танымдық сұрақ-жауаптар қойып, ойындар ойнатылды. Белсенді қатысушылар мен кеш қонақтарына сый-сияпаттар табыс етілді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі