«Әйел бақыты: отбасы құндылықтары және неке беріктігінің сыры» тақырыбында семинар өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің «Әйнек» намазханасында қыз-келіншектерге арналған «Әйел бақыты: отбасы құндылықтары және неке беріктігінің сыры» атты рухани-танымдық семинар ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты — отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, қасиетті некенің маңызын түсіндіру, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру және шаңырақтағы түрлі мәселелердің алдын алу жолдарын талқылау.
Маңызды басқосуға заң ғылымдарының PhD докторы, кәсіби медиатор Светлана Асылгерейқызы және Ақтөбе қалалық орталық .мешітінің ұстазы Айзат Қобланқызы спикер ретінде қатысып, қатысушыларға құнды дәріс оқыды.
Спикер Светлана Асылгерейқызы отбасылық және өзге де дауларды шешудегі медиацияның рөліне ерекше тоқталды. Ол шаңырақта туындаған келіспеушіліктерді өркениетті жолмен реттеудің тиімді тәсілдері туралы айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Маман ерлі-зайыптылардың бір-бірін тыңдай білуі, мәселені ашық талқылау, өзара мәмілеге келу және ортақ шешім табудың отбасын сақтап қалудағы маңызын заңдық әрі психологиялық тұрғыдан түсіндірді.
Ал Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Айзат Қобланқызы ислам дініндегі неке ұғымы, неке қиюдың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ отбасының берік болуы үшін қажетті рухани құндылықтар туралы баяндады.
«Отбасындағы өзара сыйластық, сенім, адалдық пен жауапкершілік — шаңырақтың басты тірегі. Неке — тек құқықтық байланыс қана емес, сонымен бірге Алланың алдындағы үлкен рухани жауапкершілік», -деп атап өтті мешіт ұстазы.
Ашық пікір алмасу форматында өткен шараға 30-ға жуық қыз-келіншек қатысты. Кездесу барысында қатысушылар отбасы мен неке мәселелеріне қатысты өздерін толғандырған көкейкесті сұрақтарына тұшымды жауап алып, өзара тәжірибе бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар білікті мамандарға ризашылықтарын білдіріп, қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеуге және неке беріктігін насихаттауға бағытталған осындай рухани-ағартушылық іс-шаралардың жиі ұйымдастырылып тұруы маңызды екенін атап өтті.
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің баспасөз қызметі













































