Шоқай Еркінбек Керімбекұлы 32

Шоқай Еркінбек Керімбекұлы

20 тамыз 2020 7047 Оқу 1 минут

Шоқай Еркінбек Керімбекұлы – 1980 жылы 20 қыркүйекте Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылында дүниеге келген.

 

Білімі:

Шақпақ ауылының Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебінде 1986-1997 жылдары орта білім алды.

1997-2001 жылдары Шымкент қаласында қарилар дайындау курстарында дәріс алып, Құран Кәрімді толығымен жаттап шықты.

2000 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұңғыш рет ұйымдастырған республикалық Құранды жатқа оқу жарысының 30 паралық номинациясы бойынша бас жүлдесін иеленді.  

2001-2006 жылдар аралығында Ливан Республикасы, Триполи қаласындағы «Триполи» университетіндегі Шариғат факультетін «Исламтану» мамандығы бойынша тамамдады. Сонымен қатар осы қаладағы 10 қирағатты меңгерген қари ғалымдардан тәлім алып, Құранның 7 қирағатын «Ижаза» (Рұқсат қағаз силсиласымен бірге) меңгеріп шықты.

Осы жылдар ішінде Ливан Республикасының діни басқармасы ұйымдастырған бірнеше республикалық жарыстарға Триполи университетінің атынан қатысып, жүлделі орындарды иеленген.

2007-2009 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультеті, Философия кафедрасында Дінтану мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. «Құрандағы диалог мәселесі» тақырыбында магистрлік диссертация қорғады.

2016-2018 жылдары докторантураға байланысты мемлекеттік қызметтен оқу демалысын алып, 2016-2019 жылдары Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде PhD докторантураны оқыды.

 

Еңбек жолы:

Еңбек жолын 2006 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Президенттік мәдениет ортылығының ғылыми қызметкері болып бастады.

2008-2010 жылдары Нұр-Сұлтандағы Біріккен Араб Әмірліктері елшілігінде аудармашы болып қызмет атқарды.

2009-2013 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Философия кафедрасының оқытушысы болып істеді.

2010-2012 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қауам Аддин әль-Итқани әль-Фараби ат-Түрікстани» республикалық қарилар дайындау орталығының директор орынбасары лауазымында болды.

2012-2013 жылдары ҚР Дін істері агенттігінде бас сарапшы болып жұмыс жасады.

2013-2016 жылдары Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.

2016 жылғы қыркүйек айынан бастап Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы болып табылады.

2018 жылғы 19 қаңтардан ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бұйрығымен Алматы қаласының бас имамы болып тағайындалды.

 

Еңбектері:

Дін тақырыбына қатысты ғылыми-тәжірибелік маңызы бар бірнеше мақалалардың авторы.

2014 жылы ҚР Дін істері агенттігі тарапынан «Исламдағы дінаралық диалогтың орны» атты ғылыми еңбегі жарық көрді.

Республикалық және халықаралық Құран жарыстарының жүлдегері.

Қазіргі таңда «Такфиризм идеологиясы: қалыптасу тарихы және теологиялық аспектілері» тақырыбында докторлық диссертация қорғауға дайындалуда.

 

Марапаттары:

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 5 тамыздағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды.

2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен әлеуметтік салаға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

 

Отбасылық жағдайы:

Отбасылы, екі қыз, екі ұлы бар.

 

2000 жылдан бері Құран хатым өтіп жүрген толық қари.