Таң намазына ұйықтап қалу күнә ма? 306

Таң намазына ұйықтап қалу күнә ма?

30 қазан 2020 37267 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләму алейкум!

Соңғы кезде таң намазына тұра алмай, қиналып жүрмін. Мұның бір шарасы бар ма? Не істесем болады?

 

Уа алейкум ассалам!

Мұсылман бес уақыт намазын өз уақытында және жамағатпен бірге оқуға ерекше мән беруі қажет. Шариғатта намазды уақытында оқу – парыз болса, оны жамағатпен оқу – бекітілген сүннет.

Енді сіздің сауалыңызға келсек, егер мұсылман адам таңертең ұйқысынан оянып, мешітте шақырылып жатқан азанның даусын естісе немесе таң намазы уақытының кіргенін білсе, дереу тұрып, намазын оқуы керек. Ал ұйқысы ашылып оянғанымен, енжарлықпен, әдейілеп тұрмай, намаздың уақыты шығып кететін болса, онда әлгі кісі, әлбетте күнә жасаған болады. Мұндай жағдайда адам Алладан кешірім тілеп, истиғфар айтып, тәубе етуі тиіс. Сондай-ақ, намаздың қазасын өтеуі міндетті. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак хадисінде: «Кімде-кім ұмытып немесе ұйықтап қалып намазын оқи алмаса, ол намаздың өтемі – оқып алу1»,-деген.

 

Екіншіден, егер адам азанның даусын, сағаттағы қоңырауды естімегендіктен немесе шаршау тәрізді себеппен ұйықтап қалатын болса, бұл оған күнә болып есептелмейді. Алайда, кейін қазасы өтелуі керек.

Сафуан (Алла оған разы болсын) есімді сахаба Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Біздің отбасы күн шықпайынша тұра алмайтынын жұрт біледі», - деп үзірін айтқанда, ол: «Оянған соң намазыңды өтеп ал2», - дейді. Өйткені, ұйықтап қалу немесе шаршау себепті намазын оқи алмау оны әдейі, біле тұра оқымаған болып есептелмейді.

 

Имам Хитоби бұл хадис жайлы: «Оянған соң намазыңды өтеп ал» деп ешбір жазғырусыз айтуында Алла Тағаланың пенделеріне және Пайғамбардың үмбетіне деген ғажайып жұмсақтығы сезіледі. Бұл жекелеген адамның болмысы болғандықтан, шамасы жетпейтін жайт іспетті үзірлі жағдай. Мұндай табиғаты бар адам есінен танып қалған кісі сияқты үзірлі болмақ. Сонымен бірге, аталмыш жағдайдың күн шыққанша ешбір оятатын адам болмаған кезде және үнемі емес, ара-кідік орын алу ықтималы да бар3», - деп түсіндіреді.

Қорыта айтқанда, таң намазына тұру үшін ұйқыға ерте жатып, сағатыңыздың қоңырауын қосып,  сәйкесінше қамдану керек. Барлық себепті жасап барып ұйықтап қалсаңыз ғана, үзір иесі боп есептелесіз.

1. Муслим

2. Әбу Дәуіт

3. Мағалим Сүнән, 2/137

 

Сұраққа жауап берген: nurgasyr.kz