Ақтөбе: Сансызбай Құрбанұлының «5 асылын білсеңіз» кітабы талқыланды
Ақтөбе қаласындағы «Әзіреті Біләл» мешітінде «Бір айда – бір кітап» жобасы аясында белгілі исламтанушы, наиб мүфти, ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі, РАНТ және Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы Шоқановтың «5 асылын білсеңіз» атты кітабын талқылауға арналған арнайы басқосу өтті.
Жиын барысында мешіт ұстазы Жазира Айбекқызы «Кітап оқудың пайдасы» тақырыбында сөз қозғап, аталған туындының таңдалу себебін адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеп, рухани құндылықтарды терең түсінуге, имандылық пен ізгілікке бет бұруға бағыт беруімен байланыстырды.
Кітап оқырманды өзін-өзі тәрбиелеуге, жақсы мен жаманды ажырата білуге және өмірлік ұстанымдарын саралауға жетелейтінін жеткізген ұстаз уағызынан кейін шәкірттер арасында мазмұнды әрі әсерлі кітап талқысы басталды.
Кездесуде шәкірттер кітаптың негізгі ойларын сұрақ-жауап арқылы саралап, өзара пікір алмасты және ондағы ғибраттардың күнделікті өмірдегі маңызын талқылады. Қатысушыларға терең ой салған жиын соңында ұйымдастырушылар «Кітап – рухани азық, ал оны түсініп оқу – кемелдікке бастар жол» екенін атап өтіп, бұл танымдық жобаның алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі








































