Ақтөбеде «Ұлттық құндылық және отбасы институты» атты қалалық семинар өтті 6789

Ақтөбеде «Ұлттық құндылық және отбасы институты» атты қалалық семинар өтті

09 қараша 2026 126 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Ұлттық құндылық және отбасы институты: дәстүр, тәрбие, болашақ» тақырыбында облыстық рухани-танымдық семинар ұйымдастырылды.

Отбасыларға арналған бұл ауқымды басқосудың басты мақсаты — отбасы құндылықтарын дәріптеу, ер мен әйелдің шаңырақтағы міндеттерін түсіндіру, бала тәрбиесінің маңызына тоқталу, сондай-ақ халқымыздың ұлттық тәрбиесін кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Семинар қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Жиынның ашылуында Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли сөз сөйлеп, отбасы институтының қоғамдағы орны мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың өзектілігіне тоқталды. Ол қалалық деңгейдегі басқосудың тәрбиелік мәнін түсіндіріп, қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Ауқымды шара аясында арнайы шақырылған білікті дін қызметкерлері жиналған ер және әйел жамағатына арнап тағылымды уағыз-насихат айтты. Алғашқы болып сөз алған РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев отбасы құндылығы, бала тәрбиесі және шаңырақтың берекесін сақтау жолдары туралы сөз қозғады. Одан кейін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» meшітінің наиб имамы Нұрбол Смағұл отбасындағы ер мен әйелдің жауапкершілігі, өзара сыйластық, сондай-ақ қазіргі қоғамда кездесетін өзекті мәселелер төңірегінде кеңінен түсіндіріп, пайдалы ой-пікірлерімен бөлісті.

Семинардың екінші бөлімі халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеуге арналған танымдық рәсімдермен және практикалық көрсетілімдермен жалғасты. Ақтөбе қалалық орталық мешітінің әйел жамағаты қазақ халқының бала тәрбиесіне қатысты бірқатар дәстүрін көпшілік назарына ұсынып, олардың мән-маңызы мен тәрбиелік қырларын таныстырды.

Алдымен сәбиге азан шақырып ат қою дәстүрі көрсетілді. Бұл рәсімді «Бақытжан» мешітінің бас имамы Еламан Кәрім орындап, сәбидің оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат түсіріп, есімін қойды. Одан әрі халқымыздың ежелден келе жатқан «Бесікке салу» дәстүрі көрсетіліп, мешіттің әйел жамағаты арасындағы ақ жаулықты әжелер бесіктің қазақ тұрмысындағы орны, бала тәрбиесіндегі маңызы, оның пайдасы мен жабдықтары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар «Тұсаукесер» рәсімі ұйымдастырылып, екі бүлдіршіннің тұсауын «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұл кесіп, балаларға ақ батасын берді.

Семинардың дастархан басындағы бөлігінде де ұлттық құндылықтар насихатталды. Ерлер тарапында қазақ халқының қонақ күту мәдениетін білдіретін «Табақ тарту» дәстүрі таныстырылса, әйелдер дастарханында «Әйел-қыздар» секторыния Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Кенжегүл Қушқарова мен Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова отбасы құндылықтары мен шаңырақ берекесі жөнінде тағылымды насихат айтты.

Осылайша, теориялық білім мен ұлттық салт-дәстүрлерді сабақтастырған қалалық семинар қатысушыларға мол мағлұмат берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды басқосулардың басты мұраты — ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, отбасы бірлігін нығайту және асыл дініміз бен ұлттық дәстүрімізді ұштастыра отырып, өнегелі қоғам қалыптастыру.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі