#Рамазан2026: Ақтөбе қалалық орталық мешітінде қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе қалалық орталық мешітінің әйел-қыздар бөлімі мен «Имани гүл» рухани даму клубының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті.
Игі бастаманың мақсаты – қоғамдағы мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, Рамазан айының мейірім мен жанашырлыққа үндейтін құндылықтарын дәріптеу.
Аталған қайырымдылық шарасын мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова ұйымдастырып, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетті. Акция аясында тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы және әлеуметтік қолдауға зәру 5 отбасыға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік түрлері салынған қайырымдылық қораптары табысталды. Бұл көмек аталған отбасылардың тұрмысын жеңілдетіп, қасиетті айда оларға қолдау білдіру мақсатында жүзеге асырылды.
Іс-шара барысында Анар Қойшығұлова қасиетте айда жасалған әрбір игі істің сауабы еселеніп жазылатынын атап өтіп, қайырымдылық жасаудың мұсылмандықтың және адамгершіліктің жарқын көрінісі екенін жеткізді.
Сонымен қатар мешіт жамағаты да сауапты іске белсенді қатысып, әркім өз мүмкіндігіне қарай азық-түлік әкеліп, қайырымдылық қораптарының қысқа уақыт ішінде толуына үлес қосты. Бұл жамағаттың бірлік пен жанашырлыққа негізделген игі істерге әрдайым дайын екенін көрсетті.
Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әли бастамасымен «Ақтөбе қалалық орталық» мешітінде «Бір күнде бір мұқтажға көмек» атты қайырымдылық бағытындағы шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл бастама қоғамдағы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға қолдау көрсетіп, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қасиетті Рамазан айында бастау алған мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































