«Шырайлым» әйел-қыздар клубы мен «Әжелер» мектебі Сектор жетекшісіне Умраға жолдама табыстады 6117

«Шырайлым» әйел-қыздар клубы мен «Әжелер» мектебі Сектор жетекшісіне Умраға жолдама табыстады

21 наурыз 2026 31 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында 14 жылдан астам облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ұстаз, 7 жылға жуық облыс бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі қызметін атқарып келе жатырған Кенжегүл Кушкароваға мешіт жанындағы шәкірттеріден құрылған «Шырайлым» әйел-қыздар клубы мен «Әжелер» мектебі Умраға жолдама табыстады

Шәкірттер ұлық мейрам Ораза айт қарсаңында ұстаздарына деген алғысын білдіру мақсатында тосын сый дайындап, күтпеген сәтте Алланың қасиетті мекеніне шақырту хабарын жеткізді. Бұл сәт – жүректерді елжіреткен, қуаныш пен толқынысқа толы әсерлі көрініске айналды.

Ардақты пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзіне жасалған жақсылыққа лайықты түрде жауап қайтарса, ол игілікті толық орындаған болады» - деген хадисіне амал етті.

Шараның мақсаты – ұзақ жылдар бойы діни-ағартушылық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеуде елеулі еңбек сіңірген ұстазға құрмет көрсету және оның еңбегін көпшілікке үлгі ету.

«Сіз бізге тек білім беріп қана қоймай, Ислам дінінің көркемдігін, имандылықтың терең мәнін, адамгершіліктің асыл қасиеттерін жүрегімізге сіңірдіңіз. Сіздің әрбір насихатыңыз жанымызға шуақ сыйлап, өмір жолымызға бағыт-бағдар болы» деп «Әжелер мектебі алғысын айтып, ал «Біз үшін анамыздай болған, өмірде оңымызды да, солымызды да танытқан, ақыретке азық берген аяулы ұстазымыз! Сізге деген алғысымызды сөзбен толық жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, жүрегіміздегі шынайы құрмет пен ризашылықтың белгісі ретінде шағын ғана тосын сый дайындадық. Алла Тағала Сізге қасиетті Умра сапарын нәсіп етсін деп ниет етіп, Алланың қалауымен ниетімізге жетіп, бүгін қуанышпен табыстап отырмыз. Бұл сапар Сіз үшін қабыл болған, сауапқа толы, рухани тұрғыдан ерекше әсерлі сапар болғай! Жүрегімізге иман нұрын сеуіп, тура жолды таныттыңыз. Сол еңбегіңізге қандай құрмет көрсетсек те аздық ететіні анық. Осы сапар – Сізге деген шәкірттік махаббатымыз бен шынайы алғысымыздың кішкентай ғана көрінісі. Алла Тағала әрбір үйреткен әріпіңізді, әрбір берген тәліміңізді еселеп сауапқа жазсын!» деді «Шырайлым» әйел-қыздар клубының мүшелері.

Іс-шара барысында ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыстың маңыздылығы атап өтіліп, ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны ерекше екені баяндалды. Мұндай игі бастамалар қоғамда рухани құндылықтарды нығайтуға, ұстазға деген құрметті арттыруға және өскелең ұрпаққа өнеге болуға бағытталады.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі