Ақтөбе тарихында тұңғыш рет әйел ұстаздың кітабы жарық көрді
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өңір тарихындағы айтулы оқиға — аталған мешіттің ұстазы, «Ихсан» орталығының теологі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Анар Қойшығұлованың «Жүрекке жол ашқан Әліппе» атты кітабының ресми тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл — Ақтөбе облысында әйел ұстаздың авторлығымен жарық көрген алғашқы рухани-танымдық еңбек.
Тарихи мәні бар туындының тұсауын «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, исламтану магистрі, Мысырдағы «Әл-Азһар» университетінің түлегі Бағлан Шежімбай мен Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Амангелдіұлы салтанатты түрде кесті.
«Жүрекке жол ашқан Әліппе» — автордың тырнақалды туындысы әрі өңірдегі әйел-қыздар секторының дамуындағы жаңа белес. Кітапқа ұстаздың көп жылғы педагогикалық тәжірибесі мен ғылыми-әдістемелік ізденісі арқау болған. Үш айлық жүйелі еңбектің нәтижесінде әзірленген қолжазба Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Діни сараптама бөлімінің оң қорытындысын алған.
Жаңа оқу құралының басты ерекшелігі — араб әліпбиін үйретуді имандылық, әдеп және ұлттық тәрбие құндылықтарымен ұштастыруында. Ата-ана мен баланың бірлесіп оқуына арналған жинақ жас буынның Құран әліппесіне алғашқы қадам жасауына бағытталған. Кітапта әрбір араб әрпі тәрбиелік мәнмен түсіндіріледі:
«Әлиф» әрпі арқылы бүлдіршін Жаратушысын таныса, «Бә» әрпі әр істі «Бисмилләмен» бастаудың мәнін ұғынады; «Дәл» әрпі дін туралы бастапқы түсінік береді; «Син» және «Шин» әріптері сәлемдесу әдебі мен шүкіршілік етуге баулиды; «Қоф» және «Мим» әріптері Құран Кәріммен таныстырып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмір жолын үлгі етеді.
Сонымен қатар жинақта бесікке қатысты салт-дәстүрлер, жеті ата ұғымы, қазақ батырлары мен ғұламаларының өнегелі жолы, хакім Абайдың өсиеттері және халық мақал-мәтелдері кеңінен қамтылған.
Тағылымды шараға ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қушқарова бастаған өңірдің 15 ұстазы және жүзге жуық қала тұрғыны қатысты. Жиын барысында автордың анасы Орынгүл Елеусізқызы, нағашы әжесі Бибіхадиша Тілеуқабылқызы және тәтесі Гүлжанат Сағынқызы сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Кеш аясында мешіт шәкірттері өнер көрсетіп, бала тәрбиесі тақырыбында сахналық көрініс ұсынды. Шара соңында қатысушыларға автордың қолтаңбасы қойылған кітаптар табысталды.
Анықтама үшін: Анар Түгелбайқызы Қойшығұлова Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге келген. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен Ресей ислам институтының түлегі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, теолог. Қазіргі таңда «Нұр-Мүбарак» университетінде исламтану бағыты бойынша білімін жетілдіруде.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі























































