Ақтөбеде «Жүректерді тірілткен – Құран» атты рухани кеш өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Айзат Қобланқызының ұйымдастыруымен әліппе және тәжуид қағидаларын сәтті аяқтаған «Нұрлы жүрек» тобы шәкірттерінің қатысуымен «Жүректерді тірілткен – Құран» атты тағылымды рухани кеш өтіп, 70-ке жуық адам қатысты.
Шара Қасиетті Құранның «Тин» сүресінің оқылуымен ашылды. Игі шараны Ақтөбе қалалық орталық мешітінің қари, ұстазы Мырзабек Мажитұлы ресми ашып, ілім алудың маңыздылығы жайында насихат айтып, Құран үйренудің адам өміріндегі орны мен рухани құндылығына кеңінен тоқталды.
Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар секторының жетекшісі Кенжегүл Қушқарова келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, тәж кию рәсіміне қатысушы шәкірттерді құттықтады.
Шараға арнайы қонақ ретінде Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстаздары Гүлжайнар Мұсақызы мен Анар Қойшығұл, «Бақытжан» мешітінің ұстаздары РАТТ мүшесі, республикалық діни сапаршы Ақтолқын Орысбайқызы мен Жұлдыз Бауыржанқызы және Қобда ауданының ұстазы Баян Мұстахап қатысып, ақжарма тілектерін айтып, ақида, Құранның адам өміріндегі шамшырағы екендігін баяндады.
Шара барысында шәкірттердің Құранға деген сүйіспеншілігі мен алған білімдері дәріптеліп, арнайы тәж кию рәсімі өтті. Рухани кеш аясында шәкірттер Құран аяттарын оқып, тағылымды көріністер қойып, жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Кеш соңында тәж киген шәкірттерге естелік сыйлықтар табысталып, ұйымдастырушылар барша қонақтарға, ұстаздарға және шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан жандарға алғыстарын білдірді.
Іс-шара қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлап, Құран ілімінің қадір-қасиетін дәріптеген тағылымды кеш ретінде есте қалды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


















































