Әйел жамағаты «Дархан дала» жобасы аясында Ойыл ауданына танымдық сапар жасады 6621

Әйел жамағаты «Дархан дала» жобасы аясында Ойыл ауданына танымдық сапар жасады

19 тамыз 2026 39 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Кенжегүл Кушкарованың ұйымдастыруымен өңірдегі әйелдер жамағаты Ойыл ауданына арнайы зияратпен барып қайтты. Рухани сапарға «Шырайлым» қыз-келіншектер клубы мен «Әжелер» мектебінің мүшелері қатысты.

Танымдық шара ҚМДБ қолға алған «Дархан дала» отандық туризмді дамыту жобасы аясында ұйымдастырылды. Сапар барысында ақтөбелік қыз-келіншектер мен ақ жаулықты әжелер Ойыл өңірінің киелі, рухани және тарихи-мәдени орындарымен танысып, тағзым етті.

Сапар аясында Ойыл ауданының Бас имамы Бақжарық Қызырұлы жамағатпен кездесіп, жобаның маңызы мен мақсатына тоқталды.

«„Дархан дала“ жобасының негізгі мақсаты — туған өлкенің тарихын тереңірек танып-білу, еліміздің рухани-мәдени мұрасын дәріптеу және осы өлкеден шыққан тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау», — деді ауданның бас имамы.

Сонымен қатар Бақжарық Қызырұлы әйелдер жамағаты арасындағы өзара ауызбіршілікті, бауырластық пен сыйластықты арттырудың, отбасы құндылықтарын сақтаудағы аналар мен қыз-келіншектердің рөлі туралы тұшымды ойларымен бөлісті.

Сапар барысында қатысушылар жергілікті мешіттің тарихымен танысып, өңірдің рухани өміріндегі қасиетті орынның маңызын білді. Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі КММ-сінің директоры Дулат Исабаев жамағатқа жолбасшы болып, құнды мәліметтермен бөлісті.

«Ғасырлық тарихы бар бұл мешіт – Ойыл өңіріндегі діни-рухани құндылықтардың сабақтастығын айғақтайтын маңызды нысандардың бірі», — деп таныстырған музей директоры саяхатшыларды Ойылдың өткенінен сыр шертетін атақты «Көкжар» жәрмеңкесіне де апарды. Бір кездері өңірдің сауда-саттығы мен қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған тарихи орынның шежіресінен мағлұмат берді.

Рухани топ сапар аясында Ойыл аграрлық колледжіне де атбасын бұрды. Жамағат оқу ордасының тыныс-тіршілігімен, заманауи оқу кабинеттерімен танысып, білім мен еңбекке негізделген ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлаудың маңыздылығы жөнінде өзара пікір алмасты.

Танымдық шараның келесі бағыты Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өлкетану музейі болды. Мұнда Ойыл өңірінің бірнеше ғасырлық тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер мен тарихи бұйымдар жинақталған. Әйел жамағатына ауданнан шыққан белгілі тұлғалардың өмірі мен ел дамуына қосқан үлесі таныстырылды. Тағылымды дүниелердің қатарында аты аңызға айналған, әлемдік деңгейде рекорд жасаған әйгілі диқан, "тарының атасы" Шығанақ Берсиевтің өмір жолы кеңінен қамтылды. Келушілер Ойыл жерінен табылған көне жәдігерлер мен тарихи заттарды тамашалап, туған өлкенің тарихы мен мәдениеті жайында мол мағлұмат алды.

«Дархан дала» жобасы аясындағы бұл сапар – тарихи таным мен рухани тәрбиені, ұлттық құндылық пен табиғатты аялауды тоғыстырған тағылымды бастама болды. Туған жердің тарихын білу – өткенге тағзым етумен қатар, келешек ұрпаққа елдік мұраны аманаттаудың маңызды жолы.

Сапар соңында Ақтөбе облысы бойынша сектор меңгерушісі Кенжегүл Кушкарова шараны қорытындылады.

«Осындай мазмұнды кездесулер мен танымдық саяхаттар әйел жамағатының рухани білімін арттырып қана қоймай, өзара сыйластық пен бауырмалдықты нығайтып, туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне деген құрметті қалыптастыруға зор ықпал етеді», — деді ол.

Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, осындай рухани-танымдық шаралар өңірдегі бірлік пен діни сауаттылықты арттыруға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі