ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2022: БІР ЖЫЛДА 114 БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ 2334

ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2022: БІР ЖЫЛДА 114 БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

01 қаңтар 2023 130 Оқу 1 минут

«Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы аясында 2022 жылы баспанаға мұқтаж 114 отбасыға пәтер кілті табысталды. Бұл туралы ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев хабарлады.

«2022 жылы еліміз бойынша 24 502 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, 846 736 отбасыға көмек берілді. Атап айтқанда, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша 25 дін қызметкеріне және 89 көпбалалы отбасыға, жалпы бір жылда 114 үйдің кілті берілді. Осыған дейін аталған жоба аясында 620 отбасы баспаналы болды. «Қайырымды жұма» акциясымен 45 206 отбасы көмек алды. Ал Құрбан айт мерекесінде «Раббың үшін құрбан шал» жобасы бойынша 81 588 отбасыға құрбандық еті таратылды» деді Мақсатбек Мақсотұлы.

Сондай-ақ «ҚМДБ гранты» акциясы бойынша «Нұр-Мүбарак» университетінде оқитын 48 шәкірттің жылдық оқу ақысы төленді. «Тайқазан» акциясы бойынша 115 997 отбасына 2200 тонна азық-түлікпен көмек көрсетілсе, «Қолдан – қолға» жобасы аясында 12 951 отбасы қайырымдылық көмек алды. «Жетім көрсең жебей жүр» жобасы аясында 6 490 жетім балаға көмек берілсе, «Мектепке жол» акциясы бойынша 17 870 әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдарымен көмек жасалынды.

«Қиындықта ел бірге» жобасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Шалғын ауылына 500 000 теңге көлеміндегі қаражатқа керекті көрпе-төсеніштері алып берілді. Сонымен қатар Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылына азық- түлік, киім- кешек және күнделікті тұрмысқа  қажет  заттар  жөнелтілді. 

«Қостанайға шұғыл көмек» жобасы бойынша өрттен зардап шеккен Қостанай облысына 54 006 111 теңге көлеміндегі қаражат жұмсалды.Керекті көрпе-төсеніштері, азық- түлік, киім-кешек және күнделікті тұрмысқа  қажет  заттар  жөнелтілді. «Жылу сыйла» жобасы бойынша Павлодар облысы Екібастұз қаласында ТЭЦ жылу беру станциясында орын алған апатқа байланысты 29 148 400 теңге қаражат жұмсалды. Аталған қаражатқа керекті көрпе-төсеніштері, азық-түлік, киім-кешек және күнделікті тұрмысқа  қажет  заттар, сондай-ақ жөндеу жұмыстарына қажетті құралдар жөнелтілді» деді қор директоры.