ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2022: БІР ЖЫЛДА 478 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 2335

ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП-2022: БІР ЖЫЛДА 478 КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ

01 қаңтар 2023 768 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Халал даму» стандарттау және сертификаттау орталығы мамандары 2022 жылы 478 кәсіпорынды жаңадан сертификаттаудан өткізіп, 110 қасапшыға арнайы куәлік берді. Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде «Халал даму» директоры Айбек Аташев баяндады.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі – халал. Халал – шариғат шеңберінде отандық кәсіпті дамытып, ұлттық экономиканы жандандырудың басты құралы. Осы бағытта қызмет көрсететін Халал Даму мекемесінің «QMDB HALAL» сертификатымен бүгінде 1350 кәсіпорын мен 740 қасапшы өнім өндіруде. Бас мүфти бастамасымен сапалы маман даярлау мақсатында «Халал Даму» мекемесі жанынан ашылған оқу орталығында халал өнім өндіруші кәсіпорындардағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстары мен семинар-тренингтер үздіксіз жүргізілуде. 50-ге жуық шара өткізіліп, оған 800-ге жуық технолог, экспедитор, ветеринар, азық-түлік қауіпсіздігі мамандары қатысты.

Халықаралық бағытта жасалған жұмыстар бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктеріне «QMDB HALAL» сертификатымен 10 мың тоннаға жуық халал өнім экспортталуда. Астанада халал индустриясындағы ең үздік «HALAL EXPO-2022» көрмесі халықаралық дәрежеде өтті. Аталмыш көрмеге «QMDB HALAL» сертификатымен өнім өндірушілердің ең үздіктері қатысып өз өнімдерін екі күн бойы елордалықтарға ұсынды. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің және отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар, халал индустриясындағы белді кәсіпорындар мен халықаралық сертификаттау органдары қатысты» деді Айбек Асқарбекұлы. 

Сондай-ақ 2022 жылы «Халал – шариғат талабы» анықтамалық құралы «Muftyat» баспасынан жарық көрді. «Android» және «App Store» жүйелерінде «Halal Guide» мобильді қосымшасы іске қосылды. Халал өнімдер туралы ақпаратты тұтынушыларға қолжетімді ету мақсатында @halal_damu_bot телеграм боты іске қосылды.