ӘЖЕЛЕР ЖАЙҒАН АЛҒАШҚЫ АУЫЗАШАР ДАСТАРХАНЫ 4262

ӘЖЕЛЕР ЖАЙҒАН АЛҒАШҚЫ АУЫЗАШАР ДАСТАРХАНЫ

01 наурыз 2025 535 Оқу 1 минут

Рамазанның алғашқы күні облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі «Әжелер мектебінің» мүшелері мешіт асханасында жылдағы дәстүр бойынша алғашқы ауызашар дастарханын жайды.

Сауабы мол үмітке жайылған дастархан басында мешіт ұстаздары мен имамдары уағыз-насихат айтты. Ораза тұту мен ауызашар берудің сауабы, Рамазанда жақсы істерде жәрдемші болу жайында сөз қозғады.

Сонымен қатар ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері де ізгілікті насихаттауда көш бастаған әжелерімізге алғысын білдірді.

Алла Елшісінен мағыналай жеткен хадисте мешіттегі жамағат намазына ерте келіп, ең алдыңғы саптардан орын алудың абзалдылығы айтылады. Мұндай адамның сауабы да соған сай молынан беріледі делінеді. Олай болса, жақсы істе көш бастап, дін мен дәстүрімізді дәріптеп, көрегенділік танытқан ардақты әжелерімізге де мол сауап жазылғай!

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі