«Біз күткен Рамазан»: «Қыс — мүміннің көктемі» атты рухани марафонның қорытындылау кеші өтті
Қыстың соңғы күні облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында ҚМДБ Ақтөбе өкілдігіндегі «Біз күткен Рамазан» атты «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен өткен «Қыс — мүміннің көктемі» атты бір жарым айлық рухани облыстық марафонның қорытындылау кеші өтті.
Іс-шараны өткізудегі мақсат – әрбір жанның жүрегіне иман нұрын ұялатып, өренді ұрпақтың рухани сезімін оятып, айлардың сұлтаны Рамазан айын ұлықтау екенін «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова айтты.
Марафон барысында ұстаздар әр кеште тікелей эфирден қазіргі таңда өзекті мәселе болған «Жүрек дерттері мен оны емдеу жолдары» туралы уағыздар айтып, «Бір айда бір кітап оқу» айдары бойынша күнделікті кітап талқы өткізіп, дұға жаттау, салауат айту мен Алла Тағаланың 99 есімдерін жаттатып, челлендж және эссе байқауларының қорытындысын жасады.
Кітап талқылауда қамшы салдырмаған марафоншылардың ішінен, алғашқы бестік: Жалмағанбетова Майра, Қарасаева Маржанай, Наржу Айдана, Мурзалина Гүлдендік, Жумалина Алтынгүл бағалы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды. Челледж түсіріп, эссе жазудың қорытындысы бойынша 45 адам қатысқан. Оның 37-сі толық орындады. Аталған отыз жетінің ішінен топ жарған жеңімпаздарға келсек, үздік эссе иегері 7 баланың анасы Майра Аяпбергенқызы, әр эссені ерекшелендіріп, слайд арқылы жасаған Мурзалина Гүлдендік, ең жаң қатысушы, Қобда ауданы, Талдысай ауылындағы 9 сынып оқушысы Гүлназ Сугурова болды. Маратова Мая мен Айсұлу Китаррва белсенді қатысушы ретінде танылды.
Ал марафон аясында 10 адам челлендж түсіріліп, оның екеуі үздік атанды. Қарасаева Маржанай жолдасымен бірге видео түсіріп, ерекше ой салса, Наржу Айдана «Дүниеқорлықтан сақтан» тақырыбын насихат негізінде өмірдегі мысалдармен өрбітіп, көрермен көңілінен жол тапты.
Эссе мен челленж тапсырмасын берген РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Тажикова насихат, ізгілікке апар жол мақсатында ұйымдастырылғанын айтып, жеңімпаздарға авторлық арнайы жасатқан «Мұсылманның күнделікті жоспары» атты магнит тақтасы мен «Рамазан құтты болсын» атты саптаяқты табыстады.
Салауат пен зікір айтуда көптің арасынан озып шыққан Түйебаева Дәметкен әжеміз бен Қожамжарова Кама апайымыз сыйлық және алғыс хаттармен марапатталды.
Кеш қонақтары, дін мен дәстүрімізді дәріптеп жұрген Ақтөбе облысының бас жыршысы Әділбек Сариннің шәкірттері, жас жыршылар Шарапат Нұрымбетова мен Жетесова Алтынай қонақ кәде ретінде жырларды орындады.
Шара барысында түрлі ойындар мен сұрақ жауаптарға белсенділік танытқан қатысушылар сыйлықтар иеленді.
Шараның екінші бөлімінде Рамазан айының бірінші күніне тұспа-тұс келген Алғыс күніне орай ақ жаулықты аналар мен ұлағатты ұстаздарға алғыс айтылып, сыйлықтар табысталды.
Шара соңында жамағат ыстық ықыластарын білдіріп, марафонды ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жоғары деңгейде бағалап, ақ жаулықты әжелер батасын берді. Нұр Ғасыр мешітінің шәкірттері «Бұл біздің Рамазан» әнімен шараның шымылдығын жауып, кештен керемет әсер алған жамағат мешіт намазханасында алғашқы тарауих намазында сап түзеді.
Айта кетсек, марафонға он бес жас пен тоқсан жас аралығында әйел-қыздар қатысты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі