«Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Ақтөбе облысына барды
ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева арнайы іссапармен Ақтөбе облысында болып, өңірдегі әйел жамағатымен бірнеше маңызды кездесу өткізді.
Сапар аясында сектор меңгерушісі Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешіті мен Ембі қалалық «Нұр» мешітінің әйел жамағатымен жүздесті.
Кездесуде Динара Нұрғалиева «Дінім — тірегім, дәстүрім — тамырым» тақырыбында уағыз-насихат айтып, дін мен дәстүр сабақтастығына ерекше тоқталды. Ол Ислам дініндегі әйел адамның жоғары мәртебесі, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанудың маңыздылығы, сондай-ақ мұсылман әйелдерінің киім үлгісі, бет жабу мәселесі және қазақтың дәстүрлі киімдерін киюдің тәрбиелік мәні туралы жіті түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар Ақтөбе қалалық орталық мешітінде ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі мен «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында кеңейтілген семинар өтті.
Семинар барысында Динара Нұрғалиева келесі өзекті мәселелерді қозғады: Отбасы берекесі мен ұрпақ тәрбиесі: Шаңырақтың ұйытқысы болу, балаға өнегелі тәрбие берудің маңызы; Ене мен келін қарым-қатынасы: Екі жақ арасындағы өзара құрмет, түсіністік, сабырлылық пен кішіпейілділіктің орны; Жеке шекара және әдеп: Қоғамда жиі айтылатын «жеке шекара» ұғымын өзімшілдікпен шатастырмау, ата-анаға құрмет көрсету және қайын жұртпен қарым-қатынаста халқымыздың сан ғасырлық әдеп канондарын сақтау;
Тақуалық пен игі амалдар: Әрбір істе Алладан қорқуды басшылыққа алып, сауапты амалдар жасауда белсенді болу.
Шара барысында «Әйел-қыздар» секторының негізгі міндеттері: қыз-келіншектердің діни сауатын арттыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамда рухани-адамгершілік қағидаттарды нығайту екені тағы бір мәрте пысықталды.
Тағылымды кездесу соңында жамағат ұйымдастырушылар мен арнайы келген сектор меңгерушісіне ризашылықтарын білдіріп, ақ жаулықты әжелер ақ батасын берді.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


















































