«Әжелер» мектебінің белсенді мүшелері ауызашар берді 2637

«Әжелер» мектебінің белсенді мүшелері ауызашар берді

15 сәуір 2023 291 Оқу 1 минут

 Қасиетті Рамазан айының мол сауабына кенелуді ниет етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетуді мақсатында «Әйел-қыздар» секторының жетекшілігімен облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі «Әжелер» мектебінің белсенді мүшелері «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында 200-ден астам әйел жамағатына ауызашар дастарханын жайды. 

Бұл шараға әр түрлі жастағы ақ жаулықты әжелер, аналар қауымы, сондай-ақ жас буын да қатысты.

Рухани кеште сөз бастаған Ақтөбе «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қушкарова «Рамазан айының қадір-қасиеті, сауаптары мен маңызы» туралы, ал облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Айнұр Мырзабаева «Әйел адамның дініміздегі алар орны мен дәрежесі» жөнінде, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова Қадір түні қадір-қасиеті туралы тоқталып, «Қадір» сүресінің тәпсірін айтып өтті.

Әйел жамағатына діни, психологиялық, қаржылық білім беріп жүрген арнайы рухани шараның қонақтары «Ниса» орталығының жетекшілері А.Қаңтарбаева, Э.Әділханова, Б.Жәрдеметова Рамазан айымен құттықтап, жиналған жамағатқа сұрақ-жауап қойып, сыйлықтарын табыстады. Одан өзге қадірлі ұстаз Кенжегүл Қушкароваға «Барша Ақтөбе әйел жамағатының діни сауатын ашып, еткен ерен еңбегіңіз үшін үлкен алғыс» деп бағалы сыйлығын табыстады .

Ізгілкке жол бастаған кеште Әділбек Сариннің шәкірттері қонақ кәде ретінде жыр-термені орындады.

Кеш соңында «Әжелер» мектебінің белсенді мүшесі, жасы 90-нан асқан Бибіхадиша қажы Тілеумағанбетқызы дастархан дұғасын жасап, ақ батасын берді. Ал ауызашарға келген жамағат ұйымдастырушылар мен «Әжелер» мектебіне алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі