#Рамазан2026: Әйел жамағаты қайырымдылық шарасын жасады
Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес қасиетті айда сауапты істерді көбейтіп, мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында Ақтөбе қалалық орталық мешіттің әйел-қыздар жамағаты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Игі бастама аясында мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова шәкірттерімен бірге «Үміт» , «Аяла» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы барып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ көпбалалы отбасы, 27 бала тәрбиеленіп отырған Жетесовтер отбасына да барды.
Шара барысында жамағат мүшелері сауаптар еселенетін айдың сауабынан үміттеніп, балаларға азық-түлік, киім-кешек және ойыншықтар табыстады. Сонымен қатар мешіт шәкірттері ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі киімдерді киіп, балалармен түрлі ойындар ұйымдастырып, олардың көңілін көтерді.
Ислам дінінде жетім-жесірге қамқорлық көрсету үлкен сауапты іс саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жетімге қамқор болған адаммен жәннатта бірге болатынын сүйіншілеген. Игі шара балаларға қуаныш сыйлап, қоғамда мейірім мен жанашырлық құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі













































