Зағиптар үйінде Облыстың бас имамымен кездесу өтті 2665

Зағиптар үйінде Облыстың бас имамымен кездесу өтті

14 наурыз 2024 413 Оқу 1 минут

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Ақтөбедегі қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінде Рамазан айына орай Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлымен кездесу кеші өтті.

«Ораза – ихсан көрінісі» атты кездесу көздері көрмейтін және нашар көретін мүмкіндігі шектеулі жандар арасында айлардың сұлтаны Рамазан айын ұлықтау, дінге қатысты көпшіліктің сұрағына жауап беру, діни сауаттылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Ізгілікке жол бастар шараны қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Алтыбай Сапарбай тізгінші ретінде жүргізді.

Сонымен қатар жүздесуде облыстың Бас имамы: «Адам баласына тағдырдың жазуымен сан түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Тек соған сабыр етіп, келер күнге деген үміт пен сенімді жоғалтпай сабырмен қарау ләзім. Қиындықтар кездессе оған сабыр ету – болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабыр етушілерді сүйеді», - делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», - деп айтылады.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с):«Мұсылманның қандай да бір ісі таңғаларлық. Қандай іс болмасын, ол өзіне жақсылық деп біледі. Егер оған бір жақсылық жетсе, ол Аллаға шүкіршілік айтады. Сол шүкір айтқаны үшін оған Алладан жақсылық болады. Ал егер оған бір қиындық жетсе, сабыр етеді. Сол сабыр еткені үшін оған Алладан жақсылық болады», – дейді (Имам Мүслім 2999 б). Демек, сабырлы адамға Ұлы Жаратушының шексіз нығметтері бар екендігін осылай өсиет еткен»-деп насихат айтты.
Аталған шара сұхбат форматында өтіп, барлық қатысушылар дін тақырыбындағы Рамазан айы, ораза, шәууәл айындағы оразаны ұстау т.б сауалдарын қойса, бас имам әр сұраққа жіті жауап берді.

Одан өзге қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің директоры Манас Маратұлы Ақтөбе облысының Серікжан Еншібайұлына ыстық ықыласын білдіріп, алғыс хат ұсынды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі