Облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Ораза айтпен құттықтады
Ораза айт құтты болсын!
Қадірлі отандастар және ақтөбеліктер!
Күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі Ораза айт мейрамымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт –. жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам.
Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейтін күн. Бір ай бойы шынайы ықыласпен ұстаған оразамыз, оқыған Құран хатымымыз бен намаздарымыз, берген зекет пен пітір садақаларымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болып, қасиетті айдың берекетіне бөленіп, сауабына кенеліп, күнә-қателіктерімізден арылуды, жылдан жылға, айдан айға аман-есен жетуімізді Алла Тағала баршамызға нәсіп еткей!
Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» дейді.
Ораза айт – отбасылық мереке. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедек жандарға көмектесудің сауабы мол екенін ұмытпайық.
Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, еліміз бен жеріміз, әлем жұртшылығы түрлі қауіп-қатерден аман болсын!
СЕРІКЖАН ЕНШІБАЙҰЛЫ
Ақтөбе облысының Бас имамы