18 Зул-Қағда
13:13 Бесін
Мешітте мұқтаждарға 1 миллион теңге зекет үлестірді 4338

Мешітте мұқтаждарға 1 миллион теңге зекет үлестірді

17 наурыз 2025 296 Оқу 1 минут

16 наурыз күні, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ардақ Өтегенов 50 мұқтаж отбасыға 1 миллион теңге көлемінде зекетін үлестірді. Қайырымдылық шарасын ашқан Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев жиналған қауымға Рахым айының қадір-қасиетімен бірге, Оразада жасалған жақсылықтың сауабы мол болатынын айтты. «Рахым айында берілген зекет-садақаның сауабы еселеп артады. Сондықтан жағдайы бар адамдар ораза кезінде Зекет беруге асыққаны абзал. Рамазанда Ардақ Садақбайұлының зекетін беруі – Алла Тағаланың бұйрығына бағынуы деп бағалаймыз. Біз басқа да кәсіпкер азаматтарды өз Зекетін мұқтаж отбасылармен бөлісіп, осындай сауапты іске атсалысуға шақырамыз»,- деді бас имам.

Айта кетейік, Ардақ Садақбайұлы өткен жылы да Рамазан айында «Нұр Ғасыр» мешітінде ақтөбеліктерге 1 миллион теңге зекетін берген болатын. Қаржылай жәрдем зекеті облыстық мешітке келіп өтініш білдірген әр түрлі санаттағы ақтөбеліктерге берілді. «Алланың жердегі үйінде» ақжарма лебізін бөліскен Атымтай жомарт Ардақ Садақбайұлы: «Қасиетті Рамазан баршаңызға құтты болсын! Оразамыз қабыл болсын! Сіздердің ризалықтарыңызды алу үшін зекетімді бере отырып, бәріңіздің отбасыңызға жақсылық тілеймін!»,- деп, ағынан жарылды.

Алла Тағала жомарт азаматтың зекетіне мол сауаптан жазып, игі кәсібіне берекетін берсін!


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз қызметі