Ақтөбеде РАНТ мүшесі Жексенбай Торбаев жамағатпен кездесті
Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің ұйымдастыруымен тарихи қалалық орталық мешітте қала мешіттері жамағаттарының ауызбіршілігін нығайту мақсатында «Бейсенбілік дастархан» атты рухани басқосу ұйымдастырылды. Шараға республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев қатысып, жиналған жамағатқа уағыз-насихат айтты.
Басқосу барысында РАНТ мүшесі Құран Кәрімнің мұсылман өміріндегі алатын орны мен маңызына кеңінен тоқталды. Құранның адам баласының тіршілігіне бағыт беретін темірқазық және жүректерге тыныштық сыйлайтын рухани шипа екенін атап өтті.
«Мұсылман баласы үшін Құран – тек оқылатын кітап қана емес. Ол – өмірдің мәнін ұқтыратын, жүрекке иман нұрын құятын, адамды көркем мінезге тәрбиелейтін ұлы тәрбие мектебі», – деді наиб имам.
Сонымен қатар, уағыз барысында қасиетті «Фатыр» сүресінің 29-аятына терең түсіндірме берілді. Жексенбай Торбаев: «Расында, Алланың Кітабын лайықты түрде оқитын, намазды да кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын сондай-ақ өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір бөлігін ізгілік жолында жасырын әрі жария түрде жұмсайтындар әсте зиянға ұшырамайтын берекелі саудаға үміт арта алады», – деп, Алланың сөзін оқу мен Оның жолында жақсылық жасаудың екі дүниедегі пайдасын жеткізді.
Рухани кездесу соңында жамағатты қала халқы арасында ауызбіршілік пен татулықты нығайтуға, өзара бауырмалдық пен сыйластықты арттыруға шақырды. Жиналған қауым көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Басқосу әр бейсенбі күні Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өтеді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі





































