Облыстық мешітте зияткерлік сайыс өтті
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде әйел жамағаты арасында «Фиқһ үкімі – тазалықтың айнасы» атты зияткерлік сайыс ұйымдастырылды.
Шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарованың ұйымдастыруымен өтті. Сайыстың басты мақсаты – фиқһ ғылымына деген қызығушылығын арттыру, шариғаттағы тазалық үкімдерін тереңірек меңгерту және алған діни білімдерін күнделікті өмірде дұрыс қолдануға бағыт-бағдар беру.
Дода барысында қатысушылар түрлі интеллектуалдық ойындарда жағдаяттық сұрақтарға жауап берді. Олар келесі бағыттар бойынша фиқһи білімдерін сынап, өзара пікір алмасты:
Нәжіс түрлері және одан тазару үкімдері;
Дәрет, ғұсыл және таяммумға қатысты мәселелер;
Намаз құлшылығындағы тазалық шарттары;
Күнделікті өмірдегі гигиена мен рухани тазалық.
Қызықты әрі мазмұнды форматта өткен білім додасы қыз-келіншектердің діни сауаттылығын арттыруға үлкен мүмкіндік сыйлады. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша І орын – «Әжелер», І орын – «Фирдаус», ІІІ орын – «Сүннет» тобы иеленді.
Шара соңында жеңімпаз топтарға арнайы бағалы сыйлықтар табысталды. Сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова қатысушыларға белсенділіктері мен ілімге деген құлшыныстары үшін алғысын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі







































