Ақтөбеде облыстық бата сайысы өткізілді
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде биыл ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен бекітілген «Ислам және отбасы құндылығы» жылы негізінде ҚМДБ 4 жұмыс бағытының бірі – «Дін мен дәстүр» аясында сан ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған қазақ халқының рухани өміріндегі бата беру дәстүрін жалғастырып, халық арасында насихаттау мақсатында ақсақалдар арасында Республикалық бата байқауына облыстық іріктеу сайысы өтті.
Аталған сайысты облыстың Бас имамы Амантай Садиев ашып, қасиетті Рамазан айымен құттықтап, игі дәстүрді жалғастырушы қатысушы ақсақалдарға сәттілік тіледі. «Бата» сөзі «фатиха» сөзінен шыққан. «Фатиха» – Құран кәрімнің ең бірінші сүресінің атауы. Құран кітабы «Фатиха» сүресімен басталғандықтан, бұл сүреге «ашушы, беташар» деген мағынаны білдіретін «Фатиха» атауы берілген» - деді Бас имам.
Қала, аудандағы өткен бата жарысының жеңімпаздары яғни 12 адам қатысқан ақсақалдардың облыстық бата сайысына ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Бәйішев университетінің президенті Бекежан қажы Ахан, республикалық бата жарысының жеңімпазы, «Ақ бата – алтын қазына» таңдаулы баталар жинағының авторы Марат Қабижанұлы мен ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ақсақалдар алқасының төрағасы Қуандық Қабден атамыз төрелік етті.
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов қатысушыларға шарттарды таныстырып, сайыста жүргізуші болды.
2 кезеңнен тұратын сайыста ақсақалдар билеттер алып, әртүрлі бата түрлерінен өзара бақталасты. Екінші кезеңде салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берді.
Жарыс қорытындысында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанған Ақтөбе қаласы атынан келген Есенғазы Нұрлан Ізденұлы І орынды иеленіп, Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев 100 000 теңге сертификат пен диплом табыстады. Сондай-ақ жеңімпаз Республикалық бата жарысына жолдама алды. Ал ІІ орынды Ахмет Аманжол Ерғалиұлы (Алға ауданы) алып, 70 000 теңге сертификат пен диплом, ІІІ орынды Шындәулетов Хусаин («Нұр Ғасыр» мешіті) алып, 50 000 теңге сертификат пен диплом иеленді. Қалған белсенді қатысушыларға 20 000 теңге ақшалай сертфикаттар мен алғыс хаттар табысталды.
Жиын соңында игі шара туралы Амантай Садиев және қазылар алқасы мүшелері БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram