Ақтөбеде «Әйел бақыты: Дін, отбасы, даму және қоғам» атты семинар өтті 6611

Ақтөбеде «Әйел бақыты: Дін, отбасы, даму және қоғам» атты семинар өтті

04 тамыз 2026 133 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешітінде қыз-келіншектерге арналған «Әйел бақыты: Дін, отбасы, даму және қоғам» атты қалалық семинар ұйымдастырылды. Аталған мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлованың бастамасымен өткен рухани-танымдық шараға қала мешіттерінен 60-тан астам қыз-келіншек қатысты.

Басқосудың басты мақсаты — қоғамдағы әйел затының рухани деңгейін көтеру, отбасы институтын нығайту, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ әйелдердің жан-жақты дамуына бағыт-бағдар беру.

Семинар барысында білікті ұстаздар мен сала мамандары өзекті тақырыптарда мазмұнды баяндама жасап, қатысушыларға тағылымды насихат айтты:

•    Ұстаз Анар Қойшығұлова «Әйел және нәпсі тәрбиесі» тақырыбында сөз сөйлеп, ішкі жан дүниені тәрбиелеудің маңызы, нәпсімен күресудің тиімді әдістері мен рухани кемелдену жолдарына тоқталды.

•    Ұстаз Зейнеп Мұсақызы «Әйел және құлшылық» пен «Әйел және отбасы» тақырыптарын қамтыды. Ол құлшылықтың шынайы мәнін түсіндіріп, шаңырақтағы әйелдің рөлі, ізгі ұрпақ тәрбиесі және ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік төңірегінде құнды ойларымен бөлісті.

•    Қаржыгер Балзира Қуанышбайқызы «Әйел және қаржы» тақырыбы аясында отбасы бюджетін дұрыс жоспарлаудың қыр-сырын үйретті. Маман қаржылық тәртіп пен үнемшілдіктің отбасы берекесіне тигізер оң әсері жайында пайдалы кеңестер берді.

Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спикерлерден тұшымды жауаптар алды. Жамағат тарапынан жоғары бағаланған бұл жиын қыз-келіншектердің білімін арттыруға және рухани дамуына үлкен серпін берді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл игі бастама алдағы уақытта ай сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ. Келесі басқосуларда да әйел өмірінің ең өзекті тақырыптары қамтылып, білікті мамандар мен дінтанушы ұстаздар шақырылатын болады.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі