Ақтөбеде «Имани жаз – 2026» жазғы сауат ашу курсы басталды (ФОТО)
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің бастамасымен «ИМАНИ ЖАЗ — 2026» жазғы сауат ашу курсы салтанатты түрде ашылды. Айта кетсек, жылдағы үрдіске сай биыл да Ақтөбе мешіттері оқушыларға арналған тәрбиелі де өнегелі дәрістерге толы «Имани жаз» атты рухани сауат ашу курстарын бастады.
Жас шәкірттерге РАНТ мүшесі, облыстық орталық «Нұр Ғасыр мешітінің» наиб имамы Жексенбай Торбаев ілімнің артықшылығы, әдәпті болудың маңыздылығы турасында насихат айтты.
РАНТ мүшесі жас шәкірттерге ақ батасын беріп, жазғы демалысты тиімді пайдаланып, білім мен тәрбиені қатар меңгерудің маңыздылығына тоқталды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінен бастау алған дәрістер қалалық және аудандық мешіттерде жалғасын тапты.
Мешіт жандарынан ұйымдастырылып отырған курстарда балаларға әдеп, ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді тәлімі мол қасиеттер үйретіліп, дастархан батасын беру, ас ішер алдындағы дұға, Құран әліппесін үйрену т.б дәрістер өтеді.
Сондай-ақ шәкірттерге әртүрлі ойындар арқылы бауырмашылдық пен таным шеңберін кеңейту жұмыстары жүргізіледі.
Одан өзге мешіт ұстаздары балаларды жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөліп, дәріс кестелерімен таныстырды.
Рухани азық болар сабақтар мен ойын-сауық уақыттары да қарастырылған.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі




























































