Республика күніне орай облыстық  интеллектуалды сайыс өтті 4967

Республика күніне орай облыстық интеллектуалды сайыс өтті

26 қазан 2025 325 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай «Ислам және отбасы құндылығы»  жылы аясында Республика күні қарсаңында Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде «Білімді ана – ел ертеңінің жарқын кепілі!» атты облыстық интеллектуалды сайыс өтті. 

Шараға Ақтөбе қаласынан және Алға, Хромтау, Мартөк, Қобда аудандарынан келген 80-ге жуық қыз-келіншектер қатысты.

Дода Алланың Кәләмімен ашылып, одан кейін азаттық пен тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың,  батырларымызд және Алаш қайраткерлерінің рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.

Одан кейін қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды орындады.

Сайысты ресми Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли мен «Бақытжан» мешітінің имамы Ержан Мизамов ашып, қатысушыларға сәтттілік тіледі.

Сонымен қатар РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Қойшығұлова Анар «Тәуелсіздік – Тәңір берген ұлы сый. Әр перзенттің Отан алдындағы борышы» тақырыбында насихат айтты.

Жалпы сайысқа 10 топ қатысып, өзара бақ сынасты:

  • «Береке. Бірлік» – Бақытжан мешіті
  • «Жалын»  – Бақытжан мешіті
  • «Тағылым»– Ақтөбе қалалық орталық мешіті
  • «Нұр ханымдары» – Хромтау аудандық «Нұр» мешіті
  • «Тасним» – облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті
  • «Парасат»– Мартөк ауданы, Сарыжар ауылының мешіті
  • «Шүкір» – «Бақытжан» мешіті
  • «Елім менің»– Бақытжан мешіті
  • «Алаш»– «Досжан Хазірет» мешіті

Сайыс 5 кезеңнен тұрды: «Тарих. Тәуелсіздік» – қатысушылар тәуелсіздік пен ел тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді. «Әдебиет. Мәдениет» – Абай, Шал ақын, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Мұқағали және өзге де ақын-жазушылардың діни өлеңдерінен түсіп қалған сөздерді толықтырып, өлеңді құрастыру. «Мақал-мәтел» – «Жалғасын тап» кезеңі бойынша мақалдарды жалғастыру. «Салт-дәстүр» – «Сиқырлы қобдиша» ішінен шыққан заттарға (орамал, қайшы, пышақ, бесік т.б.) қатысты дәстүрлерді танып, түсіндіру. «Танымдық тапсырма» – ою ою, қазақтың туын бейнелеу және бояу арқылы шығармашылық қабілетті таныту.

Жарыста Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар секторының жетекшісі Кенжегүл Кушқарова, республикалық «Мұнара» телеарнасының журналисті, «Бақытжан» мешітінің ұстазы, РАТТ мүшесі Ақтолқын Тажикова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Қалиева Жұмабике әділқазы болды.

Білім сайысы өте тартысты өтті. Қатысушылардың бауырмалдығы мен татулығы, білімі мен өнері әр аталым бойынша сараланды. Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау, Шал ақынның өлеңдері оқылып, тарих пен тәуелсіздік тақырыптарына жіті тоқталды. Сыйқырлы қобдишаға жасырынған заттарға қарап салт –дәстүрлерді тауып, тарихы мен маңыздылығын баяндады. Қазақтың қолөнері ою-өрнектер қиылып, шеберліктерін көрсетті.

Әділқазылар шешімі бойынша 1 орынды «Жалын» Бақытжан мешіті, 2 орынды «Парасат» Мәртөк ауданы, Сарыжар мешіті, 3 орынды «Нұр ханымдары» Хромтау ауданық «Нұр» мешітінің тобы иеленді.

Іс шара қорытындысында арнайы қонақ боп келген ұстаздар сектор жетекшісі Кенжегүл Кушқарова, РАТТ мүшесі, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орысбайқызы, Қобда ауданық «Шәріп молда» мешітінің ұстазы Баян Мұстахап, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Айзат Қобланқызы, Хромтау ауданық «Нұр» мешітінің ұстазы Гүлсара Әлібекқызы туған жер, білімді ана, Отанға деген махаббат, отбасы құндылығы туралы уағыз-насихат айтты.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді. Қалған топтардың барлығына да ынталандыру сыйлықтары табысталды. Қатысушылар мен көрермен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Әжелер батасын берді.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі