Ақтөбеде араб каллиграфиясынан шеберлік сағаты өтті
Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы «Шырайлым» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен араб каллиграфиясы бойынша рухани-шығармашылық шеберлік сағаты өтті.
Шараны ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігі «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі, «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқарова ашып, қатысушыларға араб каллиграфиясының пайда болу тарихы, Ислам өркениетіндегі орны мен рухани маңызы туралы тағылымды мәлімет берді.
Одан әрі тәжірибелік бөлімді каллиграфия ілімінің маманы Гауһар Әлиманова жалғастырды. Маман араб каллиграфиясы тек көркем жазу ғана емес, терең мән мен нәзік талғамды, сабыр мен асқан шеберлікті ұштастыратын бекзат өнер екенін атап өтті. Сабақ барысында қатысушылар араб әріптерін дұрыс таңбалау, олардың өзара үйлесімділігі мен көркемдік нақышын сақтау әдістерін меңгеріп, тәжірибе жүзінде алғашқы туындыларын жазып шықты.
Рухани-танымдық кездесу қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ислам мәдениеті мен дәстүрлі көркем жазу өнеріне деген қызығушылығын арттыра түсті. Шара соңында қыз-келіншектер ұйымдастырушылар мен ұстаздарға шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі








































