#Рамазан2026: «Имани гүл» рухани даму клубы  ашылды 5970

#Рамазан2026: «Имани гүл» рухани даму клубы ашылды

21 ақпан 2026 55 Оқу 1 минут

Қасиетті Рамазан айында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Ислам және адал қоғам» жылына орай Ақтөбе қалалық орталық мешіті әйел-қыздар бөлімі жанынан «Имани гүл» атты қыз-келіншектердің рухани даму клубы ашылды

Шара барысында мешіттің наиб имамы Ералы қари Құлмағамбетұлы жастарға арнайы жасақталған кабинеттің лентасын қиып, ақ батасын беріп, тағылымды насихат айтты. Қари әйелдердің Ислам дініндегі мәртебесіне кеңінен тоқталып, хазіреті Хадиша мен Айша (р.а.) сынды асыл аналарымыздың өмірін өнеге ете отырып, жастарды ізгілікке, білім мен тәрбиені қатар ұстануға үндеді.

Сонымен қатар клуб төрайымы, мешіт ұстазы Анар Қойшығұлова жиналған қауымды клубтың ашылуымен құттықтап, жастарға сәттілік тіледі.

«Бұл рухани даму клубы нәзік жандылар үшін пайдалы орта боларына сенемін. Мұнда әрбір әйел рухани қолдау тауып, бірге ізденіп, өсіп-дамып, кітап талқыларына, мәдени және спорттық шараларға, сондай-ақ игі істерге белсене атсалыса алады. Баршаңызды қабілет-қарымдарыңыз бен білімдеріңізді ортаға салып, белсенді болуға шақырамын. Бұл үшін ең алдымен ілім алып, тұлғалық тұрғыда өзін қалыптастырудың маңызды, кейін алған білім мен тәжірибені қоғам игілігіне жарату – әрбір мұсылманның асыл мұраты» деді клуб төрайымы.

Аталған шара барысында мешіт ұстазы Айзат Қобланқызы жастарды игі істерде бірлікпен әрекет етуге шақырды. «Имани гүл» клубының басты мақсаты – қоғамға пайдалы, рухани кемел тұлға қалыптастыру, мешіт ісін жандандыру, әйел-қыздардың руханиятын көтеру және ортақ ізгі істер арқылы қоғамның гүлденуіне үлес қосу» деді Айзат Қобланқызы.

Сондай-ақ шараға Ақтөбе облыы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Қушқарова, «Сүлеймен ата», мешітінің ұстазы Алтынай Исаева Алтынай, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Ақтолқын Орыбайқызы қатысып, рухани бастамаға қолдау білдірді. Ұстаздар қыз-келіншектерге арнап тағылымды насихат айтып, рухани даму жолындағы мұндай игі істердің қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

Шара соңында жиналған қауым жаңа бастамаға ақжарма тілектерін арнап, «Имани гүл» клубының жұмысына Алла Тағала береке беріп, игі істердің ұйытқысына айналуын тіледі.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі