«Тұлға»: РАТТ мүшесінің қатысуымен рухани кітапталқы ұйымдастырылды 6809

«Тұлға»: РАТТ мүшесінің қатысуымен рухани кітапталқы ұйымдастырылды

18 қараша 2026 48 Оқу 1 минут

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында Ақтөбе қаласындағы Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында тағылымды кітапталқы өтті. «Тұлға» танымдық клубы ұйымдастырған бұл шарада әлем әдебиетінің жауһары саналатын Орхан Памуктың «Менің атым – Қырмызы» романы қарастырылды.

Мазмұнды басқосуға Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мүшесі, діни сарапшы әрі «Мұнара» телеарнасының журналисі Ақтолқын Орысбайқызы модераторлық етті.

Кездесу аясында туындыны қазақ тіліне тәржімалаған белгілі қаламгер, аудармашы Амангелді Құрметтің Астана қаласынан жолдаған арнайы бейнепікірі көрсетілді. Ол өз сөзінде шығарманың жазылу тарихы мен әлем әдебиетіндегі айрықша орнына тоқталып, клуб мүшелеріне шығармашылық табыс тіледі.

Жиынға «Ер Едіге» жыр мектебінің шәкірттері, жырау, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әділбек Сарин және кітапхананың тұрақты оқырмандары мен клуб мүшелері белсене қатысты. Осы ретте жас жыршылар жырдан шашу шашып, жиналғандарға ерекше рухани әсер сыйлады. Ал Әділбек Сарин төл өнеріміз – жырдың қазақ халқы үшін тарихи әрі рухани маңыздылығы туралы тағылымды ой қозғап, жастарды желтоқсан айында өтетін «Жырау шайға» арнайы шақырды.

Сонымен қатар «Тұлға» танымдық клубының жетекшісі Болат Жалғасбаев роман желісі бойынша оқырмандарға арнайы сұрақтар қойып, қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісті. Пікір алмасу кезінде Президенттің: «Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе, жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан» деген тұжырымы негізге алынып, жас буын арасында оқу мәдениетін арттырудың маңызы айтылды.

Одан бөлек, шығарманың көркемдік ерекшеліктері, ондағы Шығыс пен Батыс өркениетінің тоғысуы және тарихи-діни мәселелер кеңінен сөз болды. Діни сарапшы Ақтолқын Орысбайқызы романда көтерілген сенім мен өнер арасындағы нәзік шекараны, тарихи деректер мен дәстүрлі діни түсініктердің мәнін тереңінен түсіндіріп, көпшіліктің сауалдарына тұшымды жауап берді.

Айта кетейік, «Тұлға» танымдық клубының келесі отырысы 29 қараша күні сағат 14:00-де С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында болады. Алдағы басқосуда Сейілбек Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа» кітабы талқыланады.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі