Ақтөбеде әйел жамағатына «Мәйітті жуындыру және кебіндеу» тақырыбында практикалық сабақ өтті 6794

Ақтөбеде әйел жамағатына «Мәйітті жуындыру және кебіндеу» тақырыбында практикалық сабақ өтті

12 қараша 2026 96 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешітінде мешіт ұстазы Анар Қойшығұлованың ұйымдастыруымен әйел жамағатына арналған «Мәйітті жуындыру және кебіндеу» тақырыбында теориялық әрі практикалық дәріс өтіп, 70-ке жуық әйел адам қатысты.

Шара барысында ұстаз Құран Кәрімдегі: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» («Әли Имран» сүресі, 185-аят) деген аятты негізге ала отырып, өлімді еске алудың, ақыретке дайындық жасаудың және мұсылманның дүниеден өткен бауыры алдындағы соңғы міндетін атқарудың маңыздылығы жөнінде насихат айтты.

Сонымен қатар Ханафи мәзһабы негізінде жаназа істеріне қатысты шариғи үкімдер кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, жуындырудың шарттары мен тәртібі, кебін түрлері мен өлшемдері, парыз кифая міндеті және мұстахап амалдар жөнінде жан-жақты мағлұмат берілді.

Дәрістің практикалық бөлімінде мәйітті жуындыру мен кебіндеу кезеңдері арнайы құрал-жабдықтар арқылы көрнекі түрде көрсетіліп, әрбір амалдың орындалу реті егжей-тегжейлі таныстырылды.

Сабақ қортындысында ұстаз қатысушылардың сұрақтарына шариғат талаптарына сай жауап берді. Ал әйел жамағаты өз кезегінде өмірлік маңызы зор тағылымды дәріс үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі