Ақтөбе: Тарихи мешіттің жанынан 1000 адамдық намазхана ашылды 3036

Ақтөбе: Тарихи мешіттің жанынан 1000 адамдық намазхана ашылды

27 қазан 2023 991 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жанынан 1000 адамдық намазхана ашылды. Оның лентасын облыстың Бас имамы мен өңірдегі ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қиды.

Өңіріміздегі 120 жылдық тарихы бар көне мешіттегі жамағат сыйымдылығын арттыру мақсатында басталған намазхана құрылысы 2022 тамыз айында басталып, 2023 жылы қазан айында аяқталып, қолданысқа берілді.

Ашылу салтанатына облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы арнайы қатысып, қасиетті Құран Кәрім тарту етті. Одан өзге ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, С.Байішев университетінің президенті Бекежан Аханұлы құттықтау сөз сөйлеп, лебізін білдірді. Ал Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы Құран оқып, мешіттің данагөй ақсақалы Жайылхан Абдисаламов бата берді.

Сондай-ақ демеушілік көрсетіп құрылыстың ойдағыдай аяқталуына атсалысқан азаматтарды Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан арнайы алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табысталды.

Жергілікті БАҚ өкілдері де қуанышты сәттің куәсі болып, аталған іске ұйытқы болған мешіттің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлынан сұхбат алды.

Айта кетейік, аталған намазхана құрылысының ерекшелігі заманауи үлгідегі металл материалдарымен жабдықталып, аумағы 450 кв метрді қамтиды және еуропалық үлгіде жасалып, едені жылумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар үлкен 16 терезесі мешіттің сыртқы көркіне әсемдік беріп, мешіт ішін одан әрі жарықпен әрлей түсуінде. Республикамызда алғаш рет тарихаи мешіт жанынан бой көтерген осындай құрылысқа атсалысқан барша кәсіпкер азаматтар мен жамағатқа ерекше алғыс білдіріп, сансыз сауапқа қауышуын тілейміз! Алла Тағала отбасыларына амандық,кәсіптеріне береке бергей!

Одан өзге намазхананың ашылуынан кейін облыстың Бас имамы тарихи Ақтөбе қалалық орталық мешітінде «Мұсылманның келбеті қвндай болу керек?» тақырыбында жұма уағызын айтты.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі