Ақтөбе:  Облыстың Бас имамы Рамазан айына орай баспасөз мәслихатын өткізді 5947

Ақтөбе: Облыстың Бас имамы Рамазан айына орай баспасөз мәслихатын өткізді

17 ақпан 2026 60 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің конференция залында облыстың Бас имамы Амантай Садиев Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Рамазанға дайындық» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. 

Амантай Садиев ақтөбеліктер мен отандастарды берекелі де кешірімі мол тәрбие айы, он екі айдың сұлтаны Рамазан айының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар ұлық айда мешіттерде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті.

«Рамазан айына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасау, құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысу, қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну, күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген үндеу жасады. Осы үндеуге баршамыз бір үйдің баласындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, үн қоссақ деймін.» деп облыстың Бас имамы мұсылман үмметі үшін қасиетті саналған Рамазан айы жайлы баяндап, журналистердің сұрағына жауап берді.

Одан өзге «Сүлеймен ата» мешітінің бас имамы Ақылбек Урдакулов орыс тілінде Рамазан айының құндылығына тоқталды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдеріне Рамазан кестесі мен «Оразаға арналған 150 сұрақ», «Оразаға арналған 200 сұрақ» кітабы табысталды.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, биылғы Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – ораза айт мерекесі.
Пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ.

Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.

Рамазан айына ғана тән құлшылық – тарауих намазы Оразаға бір күн қалғанда, яғни 18 ақпанда басталады.

Мешіттер мен дін қызметкерлері Рамазан айын жоғары деңгейде атқару үшін осы бастан дайындық жұмыстарын пысықтады. Атап айтсақ, ҚМДБ жоспарына сәйкес, қасиетті айда мешіт ауласында «Ораза қабыл болсын!», «Рамазан айы құтты болсын!» «Ораза айы құтты болсын!» деген атаумен баннерлер, плакаттар ілу, жамағаттың жағдайын ескере отырып, хатыммен тарауық оқылатын мешіттер мен хатымсыз тарауық оқылатын мешіттер бекітілді. Мүмкіндікке орай тарауық намазынан соң жамағатты қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету қарастылуда. «Рамазан тәттісі», «Тайқазан», «Ауызашар қоржыны» акциялары аясында көп балалы, мүмкіндігі шектеулі т.б санаттағы отбасыларға, қарттар үйіне, студенттерге қайырымдылық жасалады.

Ауызашарлар берілу, мешітер жанындағы асханаларда берілетін ауызашар дастархандарында пайдалатын тағамдардың халал стандарттарға сәйкестігін қадағалауды және қайырымдылық себеттеріне салынатын азық-түліктерге де ҚМДБ «Халал» таңбасы бар өнімге көбірек көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Рамазанға сай ҚМДБ бекіткен 4 жұмыс бағыты (««Дәстүр және отбасы», «Діни оқу-ағарту», «Жат діни ағымдардан сақтандыру», «Ихсан және насихат») негізінде ерекше жобалар мен түрлі форматтағы іс-шаралардың ұйымдастырылуын, халық арасында кең көлемде насихатталуы мен ақпараттандырылуы, қауіпсіздік талаптары сақталуы, қайырымдылық жұмыстары жүйелі түрде өткізіледі.

Инстаграм әлеуметтік желісінде Ақтөбелік имамдар «30 күнге – 30 уағыз» айдарымен Рамазан айына қатысты тікелей эфирде уағыз-насихат, күнделікті тарауих намазы алдында сол күні оқылатын Құран Кәрім аяттары аясында уағыздар жүргізіледі.

Мешіттерде ұстаздар ораза ұстау тәртібі, намаз оқып үйрену, Құран оқып үйрену секілді жүйелі түрде дәрістер өтеді.

Офлайн және тікелей эфирде онлайн түрде қари, ұстаздарымызға ер және әйел жамағатына бір ай бойы Құран Хатым оқиды. Облыс бойынша мешіттерде ауызашар дастархандары жайылып, дін мен дәстүр аясында уағыздар айтылады.

ҚМДБ-ның төл телеарнасы республикалық «Мұнара» арнасында Рамазан айы туралы бағдарламалар көрсетіледі. Аталған бағдарламаларға Ақтөбе өкілдігінен қасиетті айдың ұлықтығын насихатауда сұхбаттар түсіріліп, эфирден беріледі. Одан өзге өкілдік атынан жұма күні авторлық «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында Рамазан айы туралы тағлымы мол, сауапқа жетелейтін насихаттар ұсынылады. Телеарна Отауда 20 арна, ID тв 23арна. Ал телефон не компьютер, ноутбук арқылы тікелей эфирден арнаның ютуб арнасынан көре аласыздар. Сілтеме: https://youtube.com/@munaratv

Әлеуметтік желіде қасиетті ай туралы арнайы картинкалар күн сайын жарияланып отырады. Ютюб арнамыз бен өкілдіктің ресми әлеуметтік парақшаларында рақым айы Рамазан туралы видеолар жарияланады.

Жамағат пен тұрғындардың Рамазан айына байланысты сұрақтарына жауап беру мақсатында арнайы өкілдікте call центр онлайн, офлайн форматта жұмыс істейді. Сағат 10.00 мен 18.00 аралығында 8 7132 77 43 48 нөміріне қоңырау шалу арқылы имамдар мен ұстаздарға оразаға қатысты кез келген сауалдарын қоя алады.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен @MuftyatBot Telegram-боты іске қосылды.

Telegram бот Рамазан айында пайдаланушылардың діни сұрақтарына жауап беру үшін арнайы әзірленді, ол шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес ұсынуға арналған. Одан бөлек қолданушылар бот арқылы Рамазан кестесін жүктей алады. Жаңа Telegram боттың қосылу сілтемесі: https://t.me/muftyatbot

Одан өзге әр адам өзіне қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/web/ramadan/ мына сілтеме арқылы жүктеп алса болады.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі