Рамазан басталуы: Елдердің уақыт айырмашылығы
Меккеде ай көрініпті, олар ертең ораза ұстайды, ал біздің ел Қазақстан арғы күні ұстаймыз, ҚМДБ солай бекітіпті. Ауызды ертең бекітеміз бе әлде арғы күні ме? деген сұрақтар келіп жатыр.
Шариғатта көкжиектердің әртүрлілігі (اختلاف المطالع) мәселесі бар. Төменде Ханафи мәзһабы ғалымдарының дәлелдерін классикалық және кейінгі ханафи ғалымдарының осы пікірді қолдаған мәтіндік дәлелдері берілді.
1. Имам әл-Кәсәни (һ. 587 ж.)
«Бәдәи‘ ас-Санаи‘» кітабында ол былай дейді:
«Егер ай бір қалада көрініп, ал басқа қалада көрінбесе, әрі олардың көкжиектері әртүрлі болса, онда әр қала өз көруіне сүйенеді.» (Бәдәи‘ ас-Санаи‘, 2/83). Бұл — ханафи мәзһабындағы негізгі фиқһи кітаптардың бірі.
2. Имам әл-Марғинани «әл-Һидая» кітабында:
«Егер екі елдің арасы алыс болып, айдың шығу орындары әртүрлі болса, бірінің үкімі екіншісіне жүрмейді.»
(әл-Һидая, Китаб әс-саум)
3. Ибн Абидин (һ. 1252 ж.) «Радд әл-Мухтар» еңбегінде былай жазады:
«Рамазан оразасын ұстауда көкжиектердің әртүрлілігі ескеріледі. Алыс елдер бір-біріне міндетті болмайды.» (Радд әл-Мухтар, 2/393)
Ибн Абидин бұл пікірдің мәзһаб ішінде муғтабар (негізгі ұстаным) екенін айтады.
4. Имам әс-Сарахси «әл-Мәбсут» кітабында:
«Егер ай бір өлкеде көрініп, басқа өлкеде көрінбесе, әрі арақашықтық алыс болса, онда әр аймақтың өз үкімі болады.»
(әл-Мәбсут, 3/52)
Қорытынды, ханафи мәзһабы бойынша егер елдер жақын болса — бірінің көруі екіншісіне жүреді. Егер елдер алыс болып, көкжиектер айырмашылығы айқын болса — әр ел өз ай бақылауына сүйенеді.
Яғни, اختلاف المطالع (көкжиектердің айырмашылығы) ханафи мәзһабында ескерілетін мәселе.
Сондықтан Орта Азия, Қазақстан, Түркия муфтилері мен ғұламаларының бірауызды шешімімен ертең 2026 жылы 18 ақпан тарауих намазының алғашқы күні, 19 ақпан Рамазан оразасының алғашқы күні.
Нұрбол Смағұлов
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы





































