Қурайлы мешітінде тағылымды Мәуліт кеші өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Қурайлы мешітінде рухани шара ұйымдастырылды.
Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің тапсырмасымен және «Қурайлы» мешітінің бас имамы Руслан Елемесовтің ұйымдастыруымен өткен бұл кешке ауданның бас имамдары, қала мешіттерінің дін қызметкерлері мен ұстаздары, сондай-ақ қала жамағаты қатысып, бір дастархан басында бас қосты.
Мәуліт кешінің құрметті қонағы ретінде РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев қатысты. Ол жиналған қауымға Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі, көркем мінезі және сүннетін ұстанудың маңыздылығы жөнінде тағылымды уағыз айтты.
Сонымен қатар Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли дастархан басындағы насихатында адал ас пен халал тағамның мәніне, адал ризық табудың мұсылман өміріндегі орнына ерекше тоқталды. Мұғалжар ауданының бас имамы Мұхаммедисмаил Шадман рухани құндылықтар төңірегінде, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы Мәуліт айының қадір-қасиеті мен ардақты Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншіліктің мұсылман өміріндегі басты орны туралы сөз қозғады.
Алқалы жиын соңында жиналған жамағатқа арналып Мәуліт оқылды. Рухани кешке арнайы қатысқан Қурайлы ауылының ақсақалдары игі шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ризашылықтарын білдіріп, дін қызметкерлеріне бата беріп, алғыстарын жеткізді.
Тағылымы мол бұл кеш дін қызметкерлері мен жамағаттың өзара бірлігін нығайтып, пайғамбар өнегесін насихаттауға және мұсылмандық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосты.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі













































