«Ақтөбе» медресе-колледжінің қыздар бөліміне құнды кітаптар табысталды
ҚМДБ Ақтөбе облысына өкілдігіне қарасты қаладағы «Әзіреті Біләл» мешітінің ұйымдастыруымен «Ақтөбе» медресе-колледжінің қыздар бөліміне классикалық діни еңбектер табысталды.
Игі шараға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов, «Әзіреті Біләл» мешітінің бас имамы Нұрлыбек Панабайұлы және медресе-колледждің қыздар бөлімінің меңгерушісі Ғабит Маткаримов арнайы қатысты.
Кітаптар ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімі бекіткен медресе бағдарламасына сай іріктелді. Атап айтқанда, шәкірттерге араб тіліндегі екі іргелі еңбек – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны баяндалған «Нурул-Яқин» (Ислам тарихы) және ақида-теология саласы бойынша «Дау-ул Мағали» кітаптары тарту етілді. Қос еңбек те ғылыми дәйектілігі мен мазмұн тереңдігі тұрғысынан Ислам әлемінде кеңінен мойындалған.
Шара барысында «Әзіреті Біләл» мешітінің бас имамы кітаптардың білім ордасына жетуіне қолдау көрсеткен демеуші азаматтарға алғыс білдірді. Ал «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы болашақ дін мамандарына ізденіс жолындағы қиындықтарға сабырмен қарап, терең білім алуға шақырды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі











































