«Ақтөбе» медресе-колледжі 11-ші түлектеріне диплом табыстады (ФОТО) 2804

«Ақтөбе» медресе-колледжі 11-ші түлектеріне диплом табыстады (ФОТО)

27 маусым 2023 4257 Оқу 1 минут

 Бүгін Арапа күні қарсаңында «Ақтөбе» медресе-колледжі түлектерінің бітіру кеші өтіп, 11-ші түлектеріне диплом табысталды. 

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, аталған рухани білім ордасының директоры, РАНТ мүшесі Әбдімүтәлі Қайназарұлы, түлектер, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

Облыстың Бас имамы түлектерге білім жолының басты мақсат-міндетін айтып, ел дамуында дінге қызмет етуге шақырды.

«Құранда Алла Тағала баяндайды: «Иман келтіргендердің және де білім бергендердің Алла Тағала дәрежесін көтереді». Бұл білім дегеніміз – Алланың берген нұры. Бізді қараңғылықтан жарыққа алып шығатын, жол көрсететін, адасудан сақтап қалатын бірден бір нәрсе ол – Алла Тағаланың берген білімі.

Медресенің ең бірінші мақсаты – мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету екенін ұмытпағайсыздар.

Биыл оқу ордасынан 21 шәкірт бітіріп, оның 15-і ҚМДБ төарағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бұйырығымен имамдық қызметке тағайындалып жатыр.

Жас түлек, диплом алу күні құтты болсын!

«Ақтөбе» медресе-колледжі дін жолына мамандар дайындауда қызмет ете берсін! Ал шәкірттерді тәрбиелеп, білім беріп жатқан ұстаздарға Алла разы болсын!»,-деді Серікжан Еншібайұлы.

Шара оқу ордасындағы студент қаридың Құран оқып, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы батасын жасаудан басталды.

Сонымен қатар бұл кеште медресе-колледждің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков: «Құрметті ата-аналар, ұстаздар, бітіруші түлектер! Үш жыл бойы ілім алып, медресенің табалдырығын аттағалы отырсыздар. Үлкен өмірге жолдама алғандарыңыз құтты болсын!

Сіздер Алла қаласа облысымызда діннің таралуына үлес қосады деп өзім сенемін. Түлектер, қадамдарыңыз оң болсын! Жамағатымызға асыл дінімізді насихаттай беріңіздер. Жолдарыңыз болсын, сәттілік сіздерге!», -деп құттықтады.

Сонымен қатар салтанатты шарада шәкірттерге құрметті қонақтар диплом мен қатар жұмысқа орналасу туралы Бас мүфтидің бұйрығын табыс етті.

Одан өзге бітіру кешінде шәкірттер ғибратқа толы қойылым қойып, ата-аналар ұстаздарға алғысын айтты.

Айта кетсек, биыл 21 түлек бітіріп, оның 6-ы үздік атанды. Ал 15-і мешіттерге қызметке жіберілді, атап айтқанда оның 11-і Ақтөбе облысына, 3-і Атырау облысына, 1-і Батыс Қазақстан облысына қызметке орналасады.

Ақтөбе облыстық орталық 

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі


\