Ақтөбе: Кәсіпкер «Уақып» қорына ғимарат табыстады 6250

Ақтөбе: Кәсіпкер «Уақып» қорына ғимарат табыстады

03 сәуір 2026 47 Оқу 1 минут

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», – деген (имам Мүслим риуаяты).

Осы хадистің мәніне терең бойлап, сауапты істі мақсат еткен Ақтөбе қаласының тұрғыны, тұрғын үйлер салумен айналысатын кәсіпкер азамат өзінің салған тұрғын үй кешенінің бір бөлігін, яғни 70 шаршы метрлік ғимаратты Алла разылығы үшін уақып етіп, ҚМДБ жанындағы «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорына ресми түрде табыстады.


Аталған игі шара барысында арнайы іссапармен келген «Уақып» қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы кәсіпкерге шынайы алғысын білдіріп, бұл бастаманың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, қор атынан арнайы «УАҚЫПНАМА» сертификатын табыстап, жасаған қайырымдылығының сауабы еселеніп, үзілмей жалғасуын тіледі.

Кездесу барысында уақыптың исламдағы орны мен артықшылығы кеңінен түсіндіріліп, мұндай қайырымдылықтың қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге, діни-ағартушылық жұмыстарды дамытуға қосатын үлесі ерекше екені айтылды. Әсіресе, уақып арқылы тұрақты табыс көзін қалыптастырып, оны халық игілігіне жұмсау – бүгінгі күннің өзекті бағыттарының бірі екендігі атап өтілді.

Алдағы уақытта аталған ғимарат кәсіп нысаны ретінде пайдаланылып, одан түсетін табыс еліміздегі діни-ағартушылық шараларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге және ислам дінінің құндылықтарын насихаттауға бағытталмақ. Бұл – уақыптың үздіксіз сауап әкелетін «садақа жария» екендігінің нақты көрінісі.

Осындай игі бастама – қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастырып, ел ішінде жанашырлық пен бірлікті нығайтудың жарқын үлгісі. «Уақып» қоры алдағы уақытта да осындай сауапты істерді жүйелі түрде жалғастырып, халық пен кәсіпкерлерді ортақ игілік жолында біріктіруге күш салмақ.