«Уақып» қоры директоры Мұғалжар мешітіне жаңа автокөлік сертификатын табыстады 6251

«Уақып» қоры директоры Мұғалжар мешітіне жаңа автокөлік сертификатын табыстады

03 сәуір 2026 190 Оқу 1 минут

Қасиетті жұма күні Ақтөбе қаласындағы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен жұма намазы барысында көпшілікке үлгі боларлық игі шара ұйымдастырылды. Жамағат алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы Ақтөбе облысы, Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітіне қызметтік мақсаттағы су жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігінің сертификатын табыстап, уақып жасады.

Салтанатты сәтте ауданның бас имамы Мұхаммедисмаил Шадманға көлік кілті табысталып, оның алдағы діни қызметіне береке мен табыс тілінді. Бұл автокөлік мешіт қызметін жандандыруға, әсіресе аудан көлеміндегі ауыл-аймақтарға діни-ағартушылық жұмыстарды жүйелі жүргізуге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге, түрлі қайырымдылық шараларды ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, аталған игі іске демеушілік жасап, автокөлікті уақып ретінде сыйға тартқан ақтөбелік жомарт кәсіпкерлерге облыстың бас имамы Амантай Садиев ерекше алғыс білдірді. Жамағатпен бірге оларға арнайы дұға жасалып, Алла Тағаладан істеген ізгі амалдарының сауабын еселеп қайтаруын, берекесін арттыруын тіледі.

Шара барысында уақыптың исламдағы орны мен маңызы да кеңінен насихатталды. Асыл дінімізде уақып – ең сауапты әрі үздіксіз қайырымдылықтың бірі болып саналады. Яғни, белгілі бір мүлікті Алла разылығы үшін қоғам игілігіне арнап, оның пайдасын ұзақ уақыт бойы халыққа қызмет еткізу – «садақа жарияның» көрінісі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: *«Адам баласы қайтыс болғанда, оның амал дәптері үш нәрседен басқа жағдайда жабылады: садақа жария, пайдалы ілім және артында дұға ететін ізгі ұрпақ»* деп айтылған. Бұл тұрғыда уақып – сауабы үзілмейтін қайырымдылықтың айқын үлгісі.

Жаңа автокөлік Мұғалжар ауданындағы діни қызмет сапасын арттырып, имамдардың ел ішіндегі насихат жұмыстарын жандандыруға, шалғай елді мекендерге баруына, халықпен тығыз байланыс орнатуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Жалпы, «Уақып» қоры арқылы жүзеге асып жатқан мұндай игі бастамалар елімізде қайырымдылық мәдениетін қалыптастырып, қоғамдағы өзара жанашырлық пен бірлікті нығайтуға қызмет етеді. Уақып еткен азаматтардың сауабы үзілмей жалғасып, жасаған жақсылықтары ел игілігіне айнала берсін деген ізгі тілек білдірілді.