«Мұнара»: «Уақып» қоры директоры «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасына сұхбат берді 6249

«Мұнара»: «Уақып» қоры директоры «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасына сұхбат берді

03 сәуір 2026 33 Оқу 1 минут

ҚМДБ жанынан ашылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы Ақтөбе облысына жасаған 2 күндік жұмыс сапары аясында ҚМДБ «Мұнара ТВ» телеарнасының Ақтөбедегі филиялына арнайы барып, сұхбат берді.

Сұхбат белгілі журналист Ақтолқын Тажикованың «Мұнара» телеарнасындағы авторлық «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама барысында қонақ ретінде шақырылған қор директоры еліміздегі уақып жүйесінің маңызы, оның қоғамдағы рөлі және «Уақып» қорының негізгі қызмет бағыттары жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Әңгіме барысында Азамат Әбдікәрімұлы уақыптың ислам өркениетіндегі тарихи орнына тоқталып, оның тек қайырымдылық қана емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетік екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанда уақып мәдениетін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар мен алдағы жоспарлар туралы да тың мәліметтермен бөлісті.

Бағдарлама аясында жүргізуші тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, қор директоры уақып жасаудың артықшылықтарын, оның сауаптық қырын және бүгінгі қоғам үшін өзектілігін түсіндірді. Әсіресе, кәсіпкерлерді, жалпы халықты игі істерге белсенді атсалысуға шақырып, уақып арқылы ұзақ мерзімді қайырымдылық жасаудың тиімділігіне тоқталды.

Сұхбат барысында Ақтөбе өңіріндегі сапардың мақсаты да тілге тиек етіліп, жергілікті имамдармен, жамағатпен және кәсіпкерлермен өткен кездесулердің нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ Мұғалжар аудандық мешітіне автокөлік уақып етілуі секілді нақты игі істер мысал ретінде келтіріліп, оның өңірдегі діни қызметтің дамуына қосар үлесі айтылды.

Бағдарлама соңында көрермендерге уақыптың мән-маңызын дұрыс түсініп, қоғам игілігі үшін үлес қосуға шақырған мазмұнды ойлар айтылды. Мұндай ақпараттық-танымдық сұхбаттар халықтың діни сауатын арттырып, қайырымдылық мәдениетін нығайтуға өз септігін тигізері сөзсіз.