Ақтөбе қаласының имамдарына «Ихсан – рухани тәрбие негізі» тақырыбында семинар-тренинг өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары аясында Ақтөбе қалалық орталық мешітінде қала имамдарына арналған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің бастамасымен өткен шараның негізгі мақсаты – дін қызметкерлерінің діни білімін жетілдіріп, рухани дүниесін байыту, қызметтегі жауапкершілігін арттыру және ихсан ілімі арқылы көркем мінез бен шынайы ықыласты қалыптастыру.
Тағылымды семинар-тренингті Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы, Ақтөбе облысы бойынша «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы Талғат Аманов жүргізді. Кездесу барысында ихсан ұғымының мәні мен мазмұны, оның ислам дініндегі орны мен рухани тәрбиедегі рөлі кеңінен тарқатылды. Сонымен қатар ықылас, тақуалық, көркем мінез, әрбір амалды шынайы ниетпен орындау және имамның жеке тұлғалық қалыптасуында ихсан қағидаларын басшылыққа алудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.
Шара соңында семинар қатысушылары тақырып төңірегінде өзара пікір алмасып, көкейде жүрген сауалдарын ортаға салды. Қойылған сұрақтарға нақты мысалдармен тұшымды жауаптар беріліп, ихсан ілімінің күнделікті діни қызметтегі көріністері баяндалды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі








































