Ақтөбе: 30 000 адам құрбан айт намазын оқыды 1888

Ақтөбе: 30 000 адам құрбан айт намазын оқыды

09 шілде 2022 160 Оқу 1 минут

Бүгін күллі мұсылманның асыға күтетін екі мерекесінің бірі – Құрбан айт мейрамы басталып, жергілікті уақыт 6:30-да облыс бойынша ҚМДБ қарасты Ақтөбе өкілдігіндегі мешіттерде 30.000 адам айт намазын оқыды.

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде уағыз айтып, жамағатпен бірге айт намазын оқып, елдің амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

«Бұл мереке мейірім мен шапағаттың, ізгілік пен жомарттықтың қазығы болып табылады, қоғамның рухани-адамгершілік негізін нығайтуға ықпал етеді.

Берекеге бастаған құрбан айт ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке, мейірім мен кешірімге үндейді.

Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын мейрам.

Құрбан – араб тілінде «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген сөз. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Қасиетті Құранда: وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят),-деп адамның жаратылуындағы мақсат – құлшылық, Аллаға бағыну, разылығына ұмтылу екенін баяндайды.

Осынау айтулы күндерде жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы істер жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.

Дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымыз және шалған құрбандықтарымыз қабыл болсын!», -деп облыстың Бас имамы
ұлық мерекемен жиналған жамағатты құттықтады.

Сонымен қатар мереке мешіт ауласында ұйымдастырылған спорттық шарамен жалғасын тапты.

Жамағаттың бірлігі мен ынтымағын арттыру мақсатында қазақша күрес, арқан тартыс және гір көтеруден жарыс өтіп, 140 000 теңге жүлде қоры тағайындалды.

Додаға гір тасын көтеруге 10 адам, арқан тартыстан 5 топ, қазақша күреске 30 адам қатысып, бақ сынады. Үздік нәтиже көрсеткендер қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Мерекелік шаралар облыстық мешіттен бастау алып, қала және аудан мешіттерде де аталып өтуде.

Айта кетсек, құрбан айт – жыл сайын мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының онында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталып, 3 күнге созылады.

Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі