Ақтөбе: Қаладағы азаншылар мен Құран ұстаздарына арналған семинар-тренинг өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің бастамасымен Ақтөбе қалалық орталық мешітінде азаншылар мен Құран ұстаздарына арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – қала мешіттеріндегі дін қызметкерлерінің діни білімі мен кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ өз міндеттерін сапалы әрі жауапкершілікпен атқаруына әдістемелік қолдау көрсету.
Тағылымды семинар-тренингті Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, облыс бойынша «Құран» секторының жауапты маманы Бекжан қари Әлденов, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ерәлі қари Құлмағанбетұлы және «Әзірет Біләл» мешітінің ұстазы Хабибулла қари Раушан жүргізді.
Оқыту барысында Құран Кәрімді дұрыс оқу әдістері, тәжуид ілімінің негізгі қағидалары, Құран үйретудің тиімді жолдары мен ұстаздың жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар азан айту әдебі, оның шариғаттағы орны, азаншының міндеттері мен мешіт қызметкеріне қойылатын талаптар жөнінде мағыналы дәрістер оқылды.
Семинар аясында қатысушылардың практикалық білімдері де сараланды. Қала имамдары, азаншылар мен Құран ұстаздары азан шақыру, азан дұғасын айту, Құран оқу және жұма намазының құтпасын оқу бойынша өз дағдыларын көрсетті. Қатысушылардың орындау шеберлігі арнайы тексеріліп, ұстаздар тарапынан тиісті бағалау жүргізіліп, әдістемелік кеңестер берілді.
Шара соңында дін қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі













































