Ақтөбеде қала имамдарына арналған «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» атты семинар-тренинг өтті
ҚМДБ-ның 2026 жылға арналған жұмыс жоспары аясында Ақтөбе қаласының Бас имамы Алмат Әлидің бастамасымен қалалық орталық мешітте дін қызметкерлеріне арналған «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Тағылымды шараны «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ұстазы, Ақтөбе облысы бойынша «Шаиғат және Пәтуа» бөлімінің жауапты маманы Талғат Аманов жүргізді. Семинар барысында уағыз-насихат айтудың қоғамдағы маңыздылығы мен рухани жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ жамағатқа насихат айтудың әдебі, сөйлеу мәдениеті, ойды жүйелі әрі түсінікті жеткізу, тыңдаушы аудиторияның жас ерекшелігі мен діни сауаттылық деңгейін ескеру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар уағыздың жамағат жүрегіне жетуі үшін өзекті тақырып таңдау, Құран аяттары мен хадистерді орынды дәйектеу және насихатты көркем тілмен, байыппен жеткізу тәсілдері сөз болды. Дін қызметкерінің бойында болуы тиіс көркем мінез, парасаттылық пен кәсіби әдеп талаптарына да ерекше назар аударылды.
Семинар-тренингтің басты мақсаты – қала имамдарының уағыз-насихат жүргізу мәдениетін жетілдіру, шешендік қабілетін шыңдау және жамағатқа діни ілімді сауатты әрі әсерлі жеткізу дағдыларын дамыту.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі







































