Ақтөбе қаласы мешіттерінің тұрмыс-тіршілігі бақыланды
Дүйсенбі күні Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Алмат Әли және наиб имам Қанат Қасымов қаладағы бірнеше мешітке арнайы барып, мешіттердің жай-күйін көзбен көріп, жұмыс барысын тексерді.
Атап айтқанда, дін қызметкерлері “Нұрлан Махаббадұлы”, “Сүлеймен ата”, “Қабақ баба” және “Анашым” мешіттеріне барып, ғимараттардың жалпы жағдайын, жылу жүйесінің жұмысын және тазалық талаптарының сақталуын бақылап шықты.
Сапар барысында мешіт имамдарына Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының биылға бекіткен “Ислам және адал қоғам” жылы аясында өтетін шараларға белсенді түрде атсалысу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, имамдарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының “Уағыз және насихат” бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес бекітілген бесін–ақшам уағыздарына ерекше мән беру, уағыздардың уақытылы айтылып, тоқтап қалмауын қадағалау және жамағатқа арналған дәрістердің тұрақты түрде жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Жұмыс сапары мешіттердің қызметін жетілдіруге, жамағатқа қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды.























































