Ақтөбе: Діни басқарма атынан ауызашар берілді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Ақтөбе өңірінің зиялы қауым өкілдеріне, ақсақалдар мен әжелерге, сондай-ақ медицина қызметкерлері, көше тазалықшылары, төтенше жағдай қызметкерлеріне және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, халал кәсіпорын басшылары, «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұжымы мен дін жанашырларына, спортшыларға т.б ауызашар берілді.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қадірлі ақтөбелік ағайын мен мәртебелі меймандарды Рамазан айымен құттықтады. Діни басқарма Рамазан айының жиырма күнінде атқарылған іс-шараларға тоқталды.
«Рамазан айында атқарылатын құлшылық түрі көп. Алайда соның ішіндегі ең маңыздысы – ораза ұстау. Оразаның мұсылман баласына тигізер мейірім-шапқаты мол. Ораза – Аллаға апарар жол. Ғұламалардан қалған мынадай сөз бар: «Намаз иесін жолдың ортасына дейін жеткізеді. Ораза иесін Алланың есігіне дейін жеткізеді. Ал садақа иесінің қолынан жетектеп, Алланың құзырына бір-ақ апарады». Демек ораза адамды Алламен қауыштырады. Намаз оқыған, ораза ұстаған һәм садақа берген адам Алланың сүйікті құлына айналады.
Рамазан – рақым айы. Рамазан – Алланың ерекше мейірімі түскен ай. Сол себепті бұл айдың көптеген жақсылығы бар. Рамазан айында дұғалар қабыл болады, күнәлар кешіріледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады. Олар – ата-ананың баласына жасаған дұғасы, ораза ұстаған жанның дұғасы және жолаушының дұғасы», – деген болатын. Сонымен қатар ораза ұстаған адам мол сауапқа кенеліп, беделі биіктейді.», – деді ҚМДБ төрағасы.
Сондай-ақ ауызашар дастарқанында Ақтөбе өңірінің зиялылары атынан ақын, жазушы, публицист, халықаралық «Алаш» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Мейірхан Ақдәулетұлы мен облыстық маслихат депутаты, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Қойлыбаев сөз сөйлеп, құтты мекен Ақтөбеге арнайы атарытып келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғыстарын білдіріп, Діни басқарманың атқарып жатқан ауқымды істеріне тілектес екенін жеткізді.
Дініміз бен дәстүріміз. Әдет-ғұрпымыз, салтымыз егіз екендігін насихаттаған сауабы мол шарада өңір өнерпаздары жарапазан жырын айтып, дәстүрлі ән мен термелерді орындады.
Тұрмыс-салт жырларының бірі Жарапазан айтудағы мақсаты осы мың айдан да қайырлы қасиетті айда Ислам дінін насихаттау, халықты жақсылыққа шақыру. Ол туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Жарапазан — Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді» - деген.
Ізгілік жаршысы болып жүрген дін жанашыры, кәсіпкерлерге Қанат Жұмабайұлы мен Нұржан Нұрланұлына Бас мүфти өз атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен кеш соңында ауызашар қонақтарына Рамазан сыйлығы табысталды.
Айта кетсек, ҚМДБ төрағасы Ақтөбе облысына келген жұмыс жоспары туралы «Мұнара» телеарнасына сұхбат берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі