Ақтөбе: «АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ» тақырыбында мәуліт кеші өтті 992

Ақтөбе: «АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ» тақырыбында мәуліт кеші өтті

25 қазан 2021 201 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе өкілдігінің ұйымдастыруымен Өнер орталығында «Адамзаттың асыл тәжі» тақырыбында рухани мәуліт кеші өтіп, «Өнер қырандары» театры кеш қонағы болды. 

Шара ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтумен басталды. Сонымен қатар Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы: «Біз бүгін адамзатты қараңғылықтан шығарып, нұрға бөленуіне дәнекер, әлемнің мәңгілік мақтанышына айналған, ең таңдаулы, мақтаулы, парасатты тұлғасына арналған Мәуліт кешіне жиналып отырмыз.

Асыл дінімізде тойланатын кез келген мереке ізгілік пен құлшылыққа, қайырымдылық пен жақсылыққа үндейді. Алла елшісінің дүниеге келген айында орындалатын амалдар мұсылман баласын тақуалыққа тәрбиелейді.

Мәуліт – отбасылық мереке. Қасиетті Мәуліт айында отбасымызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірі туралы насихат айтып, Алла елшісіне салауат жолдап, қарияларға құрмет көрсетіп батасын алу, балаларымызды қуанышқа бөлеу – мерекенің сәні мен мәнін арттыратын сауапты амалдар. Мұндай игі дәстүр біздің елде де бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келеді. Көзі қырақты Ақтөбе халқы пандемияға байланысты бүгінгі күнге дейін сіздермен офлайн түрде еркін түрде қауышу мүмкіндігі болмады.

Осы айда еліміздің әр түкпірінде пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) туған күні, яғни мәуліт мерекесі аталып өтілуде. Бұл мереке –адамзаттың асыл тәжі болған Хақ Елшісіне (с.ғ.с) деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны хақ екенін ұмытпауымыз керек»- деп Мәуліт айымен құттықтап, ұлық айдың қадір қасиетін айта келе, рухани кешті ұйымдастырудың мақсатына тоқталды.

Ал «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті ретінде қандай жағдайда да мейірімділік таныту туралы уағыз-насихат айтты.

Одан өзге «Өнер қырандары» театры "Қуаңшылық" және "Талақ" тақырыбында қойылым қойып, театр әншілері иллаһи тақырыпта ән шырқады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, 73 жастағы зейнеткер Перуза Нұрмағамбетова: «Өнер қырандарының қойған қойылым көңілімнен шықты. Руханият тақырыптағы айтылған әндері де ұнады. Ақтөбе өкілдігінің ұйымдастырған шарасы жақсы өтті деген ойдамын, келгеніме өкінбеймін» -деп мәуліт кеші туралы ойын білдірді.

«Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Мадияр Серікбаев: «Елдегі пандемиялық жағдай орын алған сәттен бастап яғни екі жылдан кейін бірінші рет Ақтөбе қаласында көрерменмен қайта қауышқанымызға Аллаға сансыз шүкір дейміз. Осындай мүмкіндік сыйлаған Ақтөбе өкілдігіне алғысымызды білдіреміз.

Ал бүгінгі кештегі қойылатын қойылымға келетін болсақ, қазіргі қоғамдағы ең өзекті тақырыптарды қамтуға тырыстық. Мәуліт кешіне келген әр көрермен қандай да бір ғибрат алып, өз бағасын береді деген ниеттіміз»,- деп шара туралы сұхбатын берді.

Мәуліт кешіне жиналған көрермен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осы секілді руханиятты байытатын игі шаралар көбейсе деген ұсыныстарын білдірді.

Шара қортындысында Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы БАҚ өкілдеріне Мәуліт кеші туралы сұхбат берді.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі