«Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы Шалқар ауданына іс-сапармен барды
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Шариғат және пәтуа» бөліміне жауапты маман, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Аманов арнайы іс -сапармен Шалқар ауданына барды.
Шалқар ауданына атбасын бұрған ұстаз Талғат Аманов Шалқар ауданының имамдарымен жүздесіп, ауылдағы діни ахуалды сөз етті. Сонымен қатар, «ҚМДБ пәтуаларын таныстыру» атты имамдарға арналған семинар өтті. Семинар барысында жауапты маман ҚМДБ бекіткен пәтуаларды таныстырды.
«Имамдарға пәтуаға қатысты сауалдар жиі қойылады, сонықтан бұл саладағы шешімдерді халыққа насихаттаудың маңызы зор. Пәтуаларды насихаттау ісі – халыққа дұрыс діни ақпарат берудің алғы шарты деп білеміз» – деп Ғұламалар кеңесінде бекітілген соңғы пәтуалардың маңыздылығын түсіндірді.
Ақшам намазынан кейін жамағатқа «Алладан кешірім тілеу» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Сонымен қатар «Оразаға қатысты сен білу керек мәселелер» тақырыбында мешіт жамағатына семинар өтті. Семинар барысында ұстаз ораза ұстаудың артықшылықтары мен пайдасы жайлы және оразаның шарттарына кеңінен тоқталды.
«Шариғат және пәтуа» бөлімінің маманы Рамазан айының қадір-қасиеті мен маңыздылығын түсіндірді. Атап айтсақ, оразаның түрлері, оны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар, оған қатысты пәтуаларға толығымен тоқталып , иғтикаф ,пітір садақасының да пайдаларын кеңінен ашып айтты. Семинар қортындысында тақырыптарды пысықтау мақсатында сұрақ-жауаптар ұйымдастырылды.
Іс сапардың екінші күні Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінде «Исламдағы көркем мінездің орны» тақырыбында жұма уағызын өткізді. Жұма намазынан кейін Құран оқылып, ел игілігі үшін арнайы дұға жасады.
Айта кетсек, Шалқар ауданына жасаған 2 күндік сапар нәтижесінде 2 семинар, 1 насихат басқосуы мен жұма уағызын және пәтуа сағатын өткізді. Сапар барысындағы шараларға 355 адам қатысты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі